Түркістан облысында апат салдарынан 10 пойыз кестеден кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында апат салдарынан 10 пойыз кестеден кешігіп жатыр

26.06.2024

Түркістан облысының Түлкібас ауданында жолаушылар пойыздары әлі жолда тұр. Кеше кешкісін «Түлкібас – Арыс» учаскесінде жүк вагондары рельстен шығып, аударылып қалды.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Меңлібай - Көктөбе қиын иінді аумағында жүк пойызының сегіз вагоны жолдан шығып, жоғары вольтты электр желісіне зақым келген. Салдарынан шпалдар мен қураған шөптер өртенген. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетіп, 150 шаршы метрге тараған жалынды ауыздықтады. Бірақ ондаған жолаушылар мен жүк пойыздары жолда тоқтап қалды. Жолаушылар пойыздардың қозғалысын сағаттап күтуге мәжбүр болды. Жолдан шыққан вагондарды қалпына келтіру үшін Шымкент станциясынан арнайы пойызы жіберілді. Алдын ала болжам бойынша вагондардың жолдан шығуына жеке компанияға тиесілі вагонның дөңгелек жұбының құралы сынып кетуі себеп болған. Артынша «Жолаушылар тасымалы» Акционерлік Қоғамының баспасөз қызметі кешіккен пойыздардың жолаушыларын тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етіп, әрбір кешіккен сағат үшін жол жүру құнының 3 пайыз мөлшерінде өтемақы төленетінін айтты.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу