Маңғыстауда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі заманауи кемелер мен катерлермен толығып жатыр. Жаңа кемелерде қару-жарақтар автоматты түрде қашықтан басқарылады. Материалдық-техникалық базаның жаңаруы шекара қызметінің жұмысына оң ықпалын тигізген. Жыл басынан бері олар мемлекеттік шекарадан заңсыз өтпек болған 7 азаматты жауапқа тартты.
«Семсер» кемесі шекара қызметінің екінші дивизионына берілген. Шекарашылар онымен Каспий теңізінің аумағын бақылап, контрабандалық және браконьерлік қылмыстардың алдын алады. Ерболсын Дүйсенғалиев корабльдегі барлық қару-жараққа жауапты қызметкер. Ол жас сарбаздарға қаруды қолдануды үйретіп, сабақ береді.
Ерболсын Дүйсенғалиев, «Семсер» шекаралық кемесінің жауынгерлік бөлімі командасының старшинасы:
Біз мемлекеттік шекараны күзетеміз. Шекарамызды бұзбақ болған шетелдік азаматтарды құрықтаймыз. Кейбір кездерде олар қашпақшы болады. Оларды қуып ұстап, тиісті жазасын береміз. Бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Соны түсініп бар ынтаммен қызмет атқарып жатырмын.
Шекарашылар биыл шекара режимін бұзған 1 адамды, теңіз режимін бұзған 6 адамды жауапқа тартты. Сонымен қатар, Каспийден 300 шақырым ау шығарып, 2 мың келі бекіре балығын құтқарып, теңізге қайта жіберген.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз қазір «Түркістан» кораблінде тұрмыз. Бұл шекара қызметіне жаңадан берілген кемелердің бірі. Мұнда бәрі автоматтандырылған. Шекарашылар қаруды бұрынғыша қолмен шығармайды. Тек бір түймені басу арқылы жауға қару кезеп, оқ жаудыра береді.
Жаңа корабльдердің тағы бір артықшылығы арнайы құрылғының көмегімен түнгі мезгілде айналаны жарық қылып көруге болады. Бұл заң бұзушыларды құрықтағанда тиімді. Былтыр шекарашылар Иран елінен есірткі тасу контрабандалық дерегін анықтап, жолын кескен. Сондай-ақ, Қазақстанның аумағында заңсыз балық аулаған Әзербайжан елінің азаматтары ұсталды. Ал биыл ондай қылмыстар тіркелмеген.
Жалғас Ихсатов, ҚР ҰҚК шекара қызметі 2-дивизионының флагман маманы:
Шекара қызметіне толықтай жаңа құрылғылар мен жаңа жабдықтармен жабдықталды. Бүгінгі күні қазір шекара катерін қабылдау жұмыстары жасалып жатыр. Қазіргі таңда ешқандай ұсталынбаған, я болмаса көрініп, ары қарай жазасыз қалған шекара бұзушылар ондай факті тіркелген жоқ.
ҰҚК шекара қызметінде 50 ден астам шекаралық корабль мен катер бар. Олардың қатарын биыл тағы 2 заманауи кеме толықтырмақ. Шекарашылар өңір тұрғындарының браконьерлік қылмысқа жиі баратыннан айтады. Мәселен жыл басынан бері құрып кету қаупі бар балықты аулағаны үшін, 3 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Аягөз Оралбайқызы