Кәсіпкерлер статистикалық есепті кешіктірмей тапсыруы тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлер статистикалық есепті кешіктірмей тапсыруы тиіс

27.06.2024

Бұдан былай жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар салықтық есептен бөлек, статистикалық деректерді кешіктірмей тапсыруға міндетті. Мәселен, такси қызметін көрсететін азамат, айына не тоқсанына қанша рет жолаушы тасымалдағанын нақты көрсетуі қажет. Сондай-ақ, орта және ірі кәсіпорын басшылары жұмысшы санын, өндіріс қуатын, тауар сатылымы жайлы мағлұматтарды толық беруі тиіс.

Қазір жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестердің жетекшілеріне, осындай арнайы хабарламалар келіп жатыр. Есепті көрсетілген сайт арқылы немесе өз өңіріңіздегі статистика департаментіне барып, электронды цифрлы қолтаңбамен тапсыруға болады. «Мемлекеттік статистика» туралы заңға жақында ғана енгізілген түзетулерге сәйкес, қате деректі түзеуге бұрынғыдай 1 апта емес 1 күн ғана беріледі. Ал уақытында тапсырмағандарға, бірден айыппұл салынады. Айта кетейік, 2018 жылы деректерді тапсыру бойынша талаптар жұмсартылғаннан кейін, қате есепті тапсыратындардың саны күрт көбейіп кетіпті.

Арманбек Тілеубаев, Ұлттық статистика бюросы заң департаментінің директоры:

Заң қабылданғанға дейін биылғы осындай құқық бұзушылықтар 8 есе өсті. 30 мың заңбұзушылық болса 2018 жылы, 2024 жылға дейін мұндай заңбұзушылық саны 238 мыңға дейін жетті. Сондықтан біз осындай шараға барып отырмыз. Өйткені оны азайтуымыз керек. Олардың бастапқы статистикалық деректері біздің мемлекетіміздің жұмысына, үкіметтің жұмысына, басқа да мемлекеттік органдардың жұмысына өте қажетті құжаттар болып табылады. 

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу