PISA білім сапасын бағалайтын халықаралық бағдарлама: Қазақстан 41-ші орын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

PISA білім сапасын бағалайтын халықаралық бағдарлама: Қазақстан 41-ші орын алды

30.06.2024

PISA дейтін білім сапасын бағалайтын халықаралық бағдарлама бар. Ұйымдастырушы – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы. Үш жылда бір рет осы Ұйымға мүше елдердегі 15 жастағы оқушылар мен студенттер математика, жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша және әр цикл сайын ауысып тұратын бір дағды бойынша арнайы тест тапсырады. Соңғы PISA-да қосымша дисциплина – креативті ойлау дағдысы болды. Жақында соның қорытындысы жарияланды.

Креативті ойлау дағдысын бағалайтын рейтингке 64 мемлекеттің бірі болып қатысқанбыз. 571 мектеп пен колледжде оқитын 15 жасқа толған 19 мың білім алушы PISA сұрақтарына жауап берді. Нәтижесінде Қазақстан 24 ұпаймен 41-орын алған. Бұл 33 ұпай деп белгіленген орташа нәтижеден де төмен. Мысалы, көш бастап тұрған Сингапур 41 ұпай жинаған. Ал ең нашар көрсеткіш Албанияда – 13 балл.

Әйгерім Көпеева, білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

Біз үшін күткендей болып шықты бұл нәтиже. Өйткені ол Pisa-ның басқа бағыттары математика мен жаратылыстану нәтижелеріне ұқсас болып шықты. Бірден атап өтейін Pisa нәтижелерін талдау үшін рейтингтің өзі емес, ол деректің артындағы мәселелер мен одан ары жасалатын жұмыстар маңызды.

Лейла Тұрсынова, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық өлшеулер орталығының директоры:

Қазақстанның 52 пайыз оқушысы 3-ші деңгейдегі тапсырмаларды орындай алмаған. Оларға қиын болған. 3-ші деңгей дегеніміз не? PISA-ның тапсырмалары 6 деңгейге бөлінеді: қарапайымнан күрделіге. 3-ші деңгей – қарапайым деңгей.

Ал тапсырмалардың өзі креативті ойлаудың үш түрлі бағытын бағалауды көздеген. Яғни оқушы не бір-біріне ұқсамайтын бірнеше идея өндіруі керек, не ешкімнің ойына келмейтін оригинал идея ойлап табуы тиіс, болмаса бар идеяны жетілдіруі шарт еді.

Надежда Дыбачевская, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы департаментінің бас сарапшысы:

Оқушылар бар идеяны жетілдіруге байланысты тапсырмаларды нашар орындады. Әрі контекст бойынша ғылыми проблемаларды шешуге бағытталған тапсырмалар мен өз ойын виузалды түрде көрсетуге арналған тапсырмалардан ақсаптұр. Осыған мән беру керек.

PISA-ға Петропавлдағы мына лицейден 25 оқушы қатысқан. Соның бірі – Абзал. Өз идеяңды ұсынуға арналған сұрақтар қиындық тудырғанын жасырмайды.

Абзал Сәбит, Петропавл қаласы «Парасат» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:

Әр тапсырмада креативтік, логикалық ойлау болды. Солардың ішінде логикалық есептер шығару, бір мәселелерді өзіңнің шешімің бойынша шығару, өзіңнің идеяңды құру және де сюжет құру болды.

Рейтинг есебінен білім берудегі аймақтар арасындағы теңсіздікті көруге болады. Мәселен, Абзалдың жерлестері (СҚО 29,9 ұпай) мен Қостанай облысы (30,2) және Алматы (28,9) мен Астана (28,6) қалалары көш бастап тұр. Ал Жамбыл (20), Қызылорда (19,7) жәнеТүркістан өңірі (17,9) төменірек нәтиже көрсеткен.

Әйгерім Көпеева, білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстарында балалардың 60 пайыздан астамы ең төменгі, ең жеңіл деңгейдегі тапсырмаларды орындай алмағанын көреміз. АлТүркістан облысында бұндай балалардың үлесі 73 пайызға дейін жетеді. Ең күрделі тапсырмаларға келетін болсақ, аталған аймақтарға қатысқан балалардың тек 4-7 пайызы ғана орындай алды.

Түркістандық мұғалімдер бұған тапсырма мәтінінің сауатсыз аударылуы себеп болуы мүмкіндейді. Pisa-ға бұл лицейден қазақша оқитын 42 оқушы қатысқан.

Айдана Жанбаева, Түркістан қаласы Ө.Жәнібеков атындағы №27 іт мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі:

Тапсырмалар ағылшын тікелей қазақша аударма жасаған кезде мағынасы өзгеріп кетіп отырады. Балаларымыз сол жағынан қиналып отырды. Одан кейін бізде математикада ҰБТ-да мәтінге қарағанда есептер көбірек, ал Pisa тапсырмасында мәтін көптеу берілген.

Зерттеу жұмысы коронавирус пандемиясы кезінде өткендіктен де дайындалуға мүмкіндік шектеулі болғанын айтады екінші мұғалім.

Гүлнар Қадырбаева, Түркістан қаласы Ө.Жәнібеков атындағы №27 іт мектеп-лицейінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

Карантиннен кейін болғандықтан сол кезеңдерге байланысты Pisa-2022 халықаралық зерттеуінің әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыру көбінесе онлайн өтті. Мектептің мұғалімдерімен, оқушыларымен оффлайн жүйелі жұмыс жүргізіліп, түсіндірілгені дұрыс.

Жоғары нәтиже көрсеткен өңірдің мұғалімі де мұндай құзыретті анықтау әдісі таңсық болғанын айтады.

Асылтас Базкенова, Петропавл қаласы «парасат» мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі:

Бұл енді креативті ойлау деген мұғалімдерге де жаңа дүние болды, сол кезде. Бірақ бұл жерде ең маңыздысы мұғалімнің кәсіби шеберлігі деп білемін. Оқушының оқу сауаттылығы, мәтінді түсіне білуі дұрыс жолға қойылса, тапсырма орындауда еш қиындық тумайды деп ойлаймын.

PISA есебіне қарап, қала мен ауыл мектептерінің де білім деңгейін салыстыруға болады. Емтиханға ауылдардан – 238 мектеп, қалалық жерден 333 білім беру мекемесі қатысқан.

Лейла Тұрсынова, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық өлшеулер орталығының директоры:

Ауыл мен қала баласын салыстыратын болсақ, қала балаларының жинаған ұпайы жоғарырақ. Яғни бұл жерде ауыл балаларына көмек қажет. Әлеуметтік жағдайы төмен оқушылардың да деңгейі төменірек, креативті дағды бойынша.

PISA ұйымдастырушылары елдегі білім беру жүйесі бойынша тұтас картинаны алу үшін орта мектептерден бөлек, дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларын да қатыстырады. Ондағы балалар жоғарырақ нәтиже көрсететіні түсінікті.

Лейла Тұрсынова, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық өлшеулер орталығының директоры:

Назарбаев зияткерлік мектептерінің балалары осы креативті дағды бойынша Сингапур, Корея, Канада мемлекеттерінің оқушыларымен бір сатыда тұр. Яғни олар 60 балдан 40 балл жинаған. Ал біздің мектептің оқушылары 37 ұпайдай жинаған.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы оқушылардың креативті ойлау дағдысын неге білгісі келді?

Әйгерім Көпеева, білім саласы бойынша аналитик-зерттеуші, phd докторанты:

Креативті ойлау ол – метакомпетенция. Яғни ол бір математикамен, жаратылыстанумен шектеліп қоймай, әр пәнде пайда болатын компетенция. Бала, 15 жастағы, қандай ситуацияда болса да бір креативті, оригинал шешім табуы керек.

Білімгүл Баекешова, мұғалімдерге арналған Bilim center жобасының жетекшісі:

Креативті бағалауда ең бастысы бала сол білімге өзі қолжеткізді ме? Эвристикалық сұхбаттарда өзі келіп, соның жолын таптыма? Және ол өзі ашқан, түсінген білімін басқа контексте қолдана ала ма? Ол егер оны қолдана алса, басқа бейтаныс контексте онда ол сол дағдыға қолжеткізгенін білдіреді. Және ол соңында балалардың табысты болуына алып келеді.

Лейла Тұрсынова, Назарбаев зияткерлік мектептері ДББҰ педагогикалық өлшеулер орталығының директоры:

2023 жылы өткен экономикалық форумның нәтижесінде есеп дайындалған, солардың зерттеуі нәтижесінде бірінші орынға қойылатын – аналитикалық дағды, екінші орынға қойылатын – креативті дағды. Ол деген – берген тапсырмаға қарап, өз идеяңды беру, жақсарту. Ондай дағды дамыған кезде қандай да бір тапсырмаға басқа көзбен қарайсың, сол дағды қазір еңбекнарығында жоғары сұранысқа ие.

Міне, PISA-ның арқасында ертең еңбекнарығына шығатын мамандардың шама-шарқын біліп қалдық. Енді қайтпек керек?

Надежда Дыбачевская, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы департаментінің бас сарапшысы:

Оқушылардың креативті ойлауын дамыту мәселесі мемлекеттік білім беру стандартында қазірдің өзінде бар. Енді соның тікелей мектептер деңгейінде қалай жүзеге асырылып жатқанына мән беруіміз керек. Мұғалімдер осы дағдыны дамытуға, арнайы тапсырмалар беруге көңіл бөлгені жөн.

Данагүл Смақова, «Білім мазмұны» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы:

Креативті ойлау деп, біздің балалар қалып қойды деп, бір арнайы бағдарлама қабылдаудың, арнайы бір пәнді енгізудің қажеті жоқ. Бізге күнделікті істеп жатқан жұмысымыздың, мысалы, мұғалімдер, біз – білім саласында істеп отырғандар, тәсілдерді енгізуіміз керек шығар.

Жауапты орган бұған бүгіннен бас қатырып отыр ма? Каникул деп қол қусырып жатпаған шығар.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу