Елімізде қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 50 пайызға артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 50 пайызға артқан

01.07.2024

Кейінгі 12 жылда қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққандар саны 50 пайызға артқан. Оның басым бөлігі – әйелдер. Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығының өкілдері мәлімдеді. Алайда, бұл ауру нақты белгі бермейді. Жыл өте асқына береді. Отандық дәрігерлер дертпен қалай күресіп жатыр?

Қостанайлық Нина Махонина қалқанша безінде түйіннің пайда болғанын тіптен білмеген. Себебі, еш аурсыну болмаған. Тексеріс кезінде бір-ақ, білген. Түйін бара-бара қатерлі ісікке айналған. Науқасқа өткен аптада күрделі операция жасалды. 4 сағатқа созылған ота сәтті шықты.

Нина Махонина:

Осыдан 10 жыл бұрын дәрігерлер қалқанша безде өзгеріс бар екенін айтқан. Кистаны дер кезінде алып тастауға келіссем, мұндай жағдай болмас еді. Өзім де дәрігермін. Жұмыс қауырт. Күйзеліске толы. Өзгенің денсаулығына жауаптымын деп, өз денсаулығыма қарамаппын.

Аида Ахметбек, тілші:

Ресми дерекке сүйенсек, аты жаман дерттің құрығына ілккендердің дені Семей, Павлодар қалаларының тұрғындары. 90 пайызы 35-55 жастағы әйелдер. Аурудың тууына йод жетіспеушілігі мен экологиялық проблемалар әсер етеді. Өкініштісі, науқас өз денсаулығындағы кінәратты кеш байқауы мүмкін, -дейді мамандар.

Тасболат Әділханов, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Қатерлі ісік белгі бермейді. Бірақ, қалқанша безі көз алдында тұрады, мойны үлкейе бастап, көзі үлкеюі мүмкін. Немесе тым жүдеп кетеді. Себебі, қалқанша безінің гармондары артымен шыққан кезде.

Қалқанша безінің қатерлі ісігінен науқастардың 95 пайызы толық емделіп шығады. Онкологтар қазір инновациялық емдеу тәсілдеріне көшкен. Оның бірі - таргеттерапия. Бұл әдіс тек ісіктің өзіне бағытталған. Химиятерапиядан осы тұсымен ерекшеленеді.

Дулат Серікбайұлы, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкологы, эндокринді хирург:

Қалқанша безінің қатерлі ісігі басқа мүшелердің ісігіне қарағанда, жеңіл өтеді. Оны алып тастағаннан кейін науқас адамның өмір сүру ұзақтығында шектеу болмайды. Отадан кейін науқас адам келесі күні өзін жақсы сезінеді. Су-тамағын отаға дейінгідей қалыпты іше береді. Жүріс-тұрысы отаға дейінгідей болады.

Қалқанша безіндегі түзілген түйінге кез келген адам мән беруі керек. Дәрігерлер осылай дабыл қағып отыр. Дерттің алдын алу үшін жылына бір рет тексерістен өту керек. Әйтпесе, Нина секілді қалқанша безіңізден біржола айырылып қалуыңыз әбден мүмкін.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу