Тауға шығатындардың қауіпсіздігі - басты назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тауға шығатындардың қауіпсіздігі - басты назарда

01.07.2024

Түркістан облысында тауға келушілерге арналған сақтық шаралары күшейтілді. Себебі туристердің қолайсыз жағдайларға тап болуы азаймай тұр. Әсіресе шыңға шығатындар мен тауға алғаш келушілер жиі келеңсіз жағдайға ұшырайды. Өңірлік тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы таудағы сақтық шараларын қолға алу барысын зерттеп, туристермен тілдесіп қайтты.

Созақ ауданында тұратын екі жасөспірім Қаратауда мал іздеп жүріп адасып қалған. Туыстары таппаған соң, құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Екі бала мал жайылатын аумақтан 40 шақырым жерге дейін алыстап кеткен. Үш күннен кейін тікұшақпен табылды.

Алмас Жандәулетов, Түркістан облыстық ТЖД кинология бөлімшесінің бастығы:

Тауда қалу оңай емес, үш күн ашығып қалған. Жаураған. Енді оны әке-шешесіне тапсырдық. Ары қарай больницаға алып кетті.

Сондықтан тауға шыққанда сақтық шараларын ескеріп, тиянақты дайын болу маңызды. Ең бастысы тұрған орның туралы ақпаратты толық білу керек, дейді мамандар.

Медетхан Шанбаев, Төлеби аудандық ТЖБ бастығы:

Адамдар тауға келген кезде адасатын басты себеп ол жаңағы таулы аймақты білмеу. Және де ауа-райының қолайсыздығы да себеп болуы мүмкін. Іздеген кезде нақтыв бізге қоңырау шалып, қай жерде тұрғанын айта алмайды.

Қазір облыс аумағында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін демалыс аймақтарында арнайы парақшалар таратылып, бірнеше бағытта жол көрсететін белгілер қойылған. Тауға келушілер тіркеліп, арнайы нұсқаулықтан өтеді. Олардың аман қайтуы да бақылауға алынады.

Мырзахан Тұрдалиев, турист:

Енді біұл жерге күнделікті келмеген соң білмейміз ғой қай жағына, қай бағытқа жүру керек екенін. Осында парк қызметкерлері, төтенше жағдай қызметкерлері қай бағытқа жүру керек екенін, құздан құлап кетпеу керек екенін және сондай ескертпе қағаздарын тараты, түсіндіріп жатыр.

Орманшылар мен құтқарушылар қанша ескерткенмен қайғылы жағдайлар азаймай тұр. Себебі туристердің басым көпшілігі қауіпсіздікті сақтамайды. Бұл ретте мамандар тауға шыққанда сақтық шараларына баса мән беру керектігін ескертеді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу