Шымкенттегі автокөлікке газ құятын бекеттерде 1 аптадан бері ұзын-сонар кезек пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі автокөлікке газ құятын бекеттерде 1 аптадан бері ұзын-сонар кезек пайда болды

01.07.2024

Шымкентте 1 аптадан бері автокөлікке газ құятын бекеттердің алды ұзын-сонар кезек. Газ бағасы қымбаттайды дегелі олардың көпшілігі жұмыс істемей тұр. Сұйық отын іздеп сансыраған жүргізушілер кәсіпкерлер тапшылықты әдейі жасап отыр деп ашынады.

Кейбір бекеттерде кезек көшеге дейін шығып кеткен. Өйткені шаһардағы 167 газ құю стансасының тек бірен-сараны ғана жұмыс істеп тұр. Шыдамы жеткендері осында сағаттап тұруға мәжбүр. Ал енді бірі бар шаруасын жиып қойып, қаланың әр бұрышынан шарқ ұрып газ іздеп жүр.

Нұржан Түйменов, қала тұрғыны:

150 машина тұр. Кезекті қарадым 150 машина. 5-6 заправканы араладым, ешқайсысында жоқ.

Көлік жүргізушілер бұл проблеманың жылда қайталанатынына наразы.

Асылхан Ақбаев, қала тұрғыны:

Шөп орақ басталды жылда газдың тапшылығы басталады. Содан соң солярка, артынан бензин басталады. Қолдан әдейі істейтін тірлік пе не бұл! Түсінбеймін.

Энергетика басқармасы мамандарының айтуынша тапшылық газбен жүретін автокөліктердің соңғы кезде тым көбейіп кетуінен туындаған. Ресми дерек бойынша шаһарда сұйық отынмен қозғалатын 55 мыңнан астам техника бар. Олардың бір айдағы қажеттілігі 9 жарым тоннаның төңірегінде. Алайда маусым айында мегаполиске 7 мың тонна ғана газ жеткізілген. Мәселе ушығып бара жатқан соң министрліктен қосымша сұйық отын сұрауға тура келген.

Ілияс Есжанов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

 Алдын ала осыны ескеріп, «Ақтөбемұнайгаздан» келуі бар, жолы бар, графикке қойылуы бар кеше 30 күні келді 20 вагон. Енді 2-3 күннің ішінде қалған 43 вагон келе жатыр. Жалпы 2 миллион 52 тонна бөлінген.

Әзірге шаһарда 800 тоннаға жетер-жетпес қана сұйық отынның қоры бар. Қала билігі сұраныстың артуына байланысты енді үкіметтен ай сайын белгіленген лимиттен 1 мың тонна артық газ бөлуді сұрап отыр.


Хабарламаларға жазылу