EURO 2024: Ширек финалға шыққан барлық команда белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EURO 2024: Ширек финалға шыққан барлық команда белгілі болды

03.07.2024

Германиядағы доп додасының 1/8 финал ойындары аяқталды. Кеше ширек финалға соңғы жолдамаларды Нидерланды мен Румыния және Түркия мен Аустрия сарапқа салды. Кәрі құрлықтың үздік сегіз командасының қатарына кімдер енді?

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Ширек финалға соңғы жолдамалар сарапқа салынбақ. Біз бұл жолы матчқа румындық жанкүйерлермен бара жатырмыз. Ойын алдындағы көңіл-күй тамаша.

Румыния құрамасы трансферлік баға бойынша Еурокубоктағы ең арзан команданың бірі. Дегенмен, бұл плей офф-қа шығуға кедергі болмады. Алайда ойын барысында азулы Нидерланды бірден допты бақылауға алды. 20 минутта шабуылшы Коди Гакпо есепті ашты.

Ал ойын соңына қарай Нидерланды футболшылары екі гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Шерхан Жамбылұлы, Тілші:

Осылайша румындардың ертегісі аяқталды. Олар қанша тырысқанымен тәжірибелі Нидерланды құрамасынан айласын асыра алмады. Рональд Куман шәкіртттері осылай жанкүйерлерін қуантып жатыр.

Аман Тасыған, Жанкүйер:

Бұл жақта барлығының көңіл-күйі жоғары.

Ал, келесі кездесуде түркиялықтар Аустриямен жолдаманы сарапқа салды. Ә дегеннен қорғаушы Мерих Демирель анадолы елін алға шығарды.

Екінші таймда Түркия есепті еселеді. Аустрия тек бір голмен жауап қайтара алды. Осылайша Түркия 2008-жылдан бері алғаш рет еуропа чемпионатының ширек финалына өтіп отыр. Ол бұл айналымда Нидерланды командасымен кездеседі.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу