Иран Қазақстанға егіс алқаптарын суарудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесуінде айтылды. Тараптар егіс алқаптарын суару кезінде су шығынын азайту үшін тәжірибе және технологиялар алмасу мәселесін талқылады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің ақпаратынша, ирандық компаниялар Қазақстанға жерасты суларын пайдаланатын заманауи суару жүйелерін, сондай-ақ суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суарудың автоматты қондырғыларын ұсынуға ниетті. Бұл ұсынысты министр де қолдады. Ирандық кәсіпкерлерді су инфрақұрылымын салу мен жөндеуге арналған конкурстарға қатысу үшін елімізге шақырды.