Мәжіліс депутаттарының өңірлерге іссапары жалғасып жатыр. Халық қалаулылары өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарда болды. Тұрғындармен кездесіп, толғандырған мәселелерін сұрап білді.
Қарағанды облысына барған бір топ мәжіліс депутаттары «QARMET» металлургия зауыты жұмысшыларымен кездесті. Жағдайларымен танысып, қаралып жатқан заң жобаларын түсіндірді. Өндіріс орнының келешек әлеуеті талқыланды.
Бауыржан Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Экология жағынан Теміртау деген өте қиын қала. Генеральный директор айтып кетті 2025 жылы кейбір цехтар газға көшеді. Біз 2-ЖЭО-да болдық. Жақсы білесіздер, жылда жетінші қазандық үлкен мәселе болатын. 2024 жылы желтоқсан айында бітіреміз дейді. Бұл да үлкен гигакалорий жылу болады.
Ал Жамбылда 20 млрд теңгенің құрылыс жобалары тоқтап тұр. Дені әлі басталмаған не мерзімінен кешігіп жатыр. Мәжіліс депутаты №15 мектеп-гимназияның қосымша ғимарат құрылысымен де танысты. Шағын нысанға шамадан тыс қаржы бөлінгендіктен, қайта қарауды қажет ететінін айтты.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құны 2,6 млрд теңге, бұл енді қосымша 300 орынға салынып жатқан өте көп қаражат. Мемлекеттік сатып алу басқармасының, менің ойымша, нашар жұмысының кесірінен көптеген нысандар жұмысы өте мардымсыз, баяу.
Ал Жетісу облысына барған Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың қабылдауында тұрғындар, негізінен, әлеуметтік мәселелерді көтерді. Талдықорғанда көпқабатты үйлер көптеп салынып жатыр. Алайда, арбамен қозғалатын жандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Құрылыс нормативтеріне өзгеріс енгізу қажет дейді қоғам белсендісі.
Елдос Баялышпаев, «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Нормативтерде ішкі пәтердің санузелдардың нормалары сақталмаған. Балкондардың есіктерінің нормалары сақталмаған. Заңды тұрғыда ол нормалар жоқ. Сол нормаларды енгізсін деген ұсыныс енгіздім.
Оралға барған Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова көпбалалы және жалғызбасты аналармен кездесті. Оларды толғандырған өзекті мәселелерді құзырлы орган өкілдерімен бірге талқылады. Депутат әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын жаңа заң қабылданғанын тілге тиек етіп, әлде де қолдау шарасы қажеттігін атап өтті.
Ардақ Мұратқызы