Шымкентте инфрақұрылым және логистика мәселелері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте инфрақұрылым және логистика мәселелері талқыланды

05.07.2024

Шымкентте жедел шешілуі тиіс ауқымды үш мәселе бар. Оның бірі – халықаралық сауда-логистикалық орталығын салу, екінші Батыс айналма жолын төсеу. Және соңғысы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту орталығын салу. Бүгін Мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым мүшелерімен кездескен Парламент Сенатының төрағасы бюджетті қарау кезінде бұл жобалар басты назарда болатынын айтты.

Өңірлерді дамытуда жергілікті өкілді органдардың ұсынысы мен бастамалары айырықша мәнге ие. Сондықтан да Палата Спикері заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді жұмылдырылғанын айтты. Кездесуде мегаполистегі инфрақұрылым және логистика мәселесін шешу жайы талқыланды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Сауда-логистикалық орталығының инженерлік инфрақұырылымын салу аса маңызды. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде осы мәселелер назарға алынып, сіздердің ұсыныстарыңызды ескеруге тырысамыз.

Сенат төрағасы сапар барысында жастармен де кездесті. Ел Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси өзгерістерге тоқталып, ел экономикасының жаңа үлгісін қалыптастыру үшін атқарылып жатқан дәйекті жұмыстарды айтып берді. Саналы, мемлекетшіл, терең білімді азамат болып қалыптасу туралы пікір алмасты.

Рахат Арғынбай, мектеп директоры:

Сенат төарағасы бәсекеге қабілетті жастардың қандай болатынын қадап айтты. Мәселен, күніне 200 бет кітап оқу деген расымен болашақта мықты адамның пайда болуына әсер етеді. Одан бөлек, болашақта трендте болатын тілдер туралы сөз болды.

Сонымен қатар сенаторлар «AZALA Textile» тоқыма фабрикасындағы өндіріспен де танысты. Кәсіпорын жұмысшыларының бұған дейін Палатаның тұрақты комитеттеріне жолданған өтініштерінің жай-жапсарын зерделеді.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу