Биыл Астанаға - 26 жыл! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Астанаға - 26 жыл!

06.07.2024

Бүгін - Астана күні! Биыл Астанаға 26 жыл! Ширек ғасырдан астам уақытта бас қаламыз әлем мойындаған ірі мегаполиске айналып үлгерді. Еліміздің саяси, әкімшілік және экономикалық, мәдени орталығы. Бүгінде бір жарым миллионға жуық тұрғыны бар шаһар еліміздің №1 қаласына қалай айналды? Тарихқа көз жүгіртсек.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, астананы көшіру мәселесі көтерілді. Бірақ о баста бұл идеяны көпшілік қолдай қоймады. Өйткені кеңес одағы ыдырап, экономика тоқырап жатқан еді. Десе де қызу талқылаулардан кейін 1994 жылы 6 шілдеде сол кездегі Жоғарғы Кеңесте астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Астананы Ақмолаға көшіру бекер емес. Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың табиғаты, сейсмикалық, экономикалық жағдайлары мен еңбек ресурстары бәрі-бәрі ескерілді. Әрі мұның стратегиялық үлкен маңызы бар еді. Яғни астана елдің шетінде болмауы керек. Ал Ақмола Қазақстанның ғана емес, Еуразияның жүрегі. Сөйтіп 1994 жылы шешім қабылданғанымен, ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асып, сол кездегі депутат, министрлер көшті бастап Арқа төсіне келді.

Кейін 1998 жылы 6 мамырда президентінің жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Ал қала аумағы үлкен құрылыс алаңына айналып, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатты. Сүреңсіз ескі ғимараттар сүріліп, орнына алғашында 9 шағын аудан салынды. Бүгінде сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарды тану мүмкін емес.

Әлішер Баялиев, Астана қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бөлімінің басшысы:

Бүгінде ел астанасында 1,5 млн адам тұрады. 1997 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,7 есеге көп. Ақпарат ретінде айтсам 1997 жылы Астанада 300 мыңдай адам тұратын еді.

Қазір Астананы әлем таниды. Халықаралық деңгейдегі бас қосулардың алаңына айналды. Діндер съезін, түрлі беделді экономикалық форумдардан бастап ЭКСПО көрмесін тіпті, ОБСЕ, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық құрылымдардың саммиті өтті. Әрі елорда болғалы атауы Ақмола-Астана-Нұр-Сұлтан-Астана болып өзгерді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу