Жетісу облысында стратегиялық маңызға ие негізгі төрт дақыл өсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында стратегиялық маңызға ие негізгі төрт дақыл өсіріледі

09.07.2024

Жетісу облысында стратегиялық маңызға ие негізгі төрт дақыл өсіріледі. Ол қант қызылшасы, майбұршақ, дәндік жүгері және арпа. Соңғы жылдары осы дақылдардың егістік алқаптары кеңейіп, өнімділігіне ерекше мән берілуде. Тұқымды себуден бастап, күтіп баптап, өнім алғанға дейін ғылымға негізделген технологиялар қолданылып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Аймақта өткен «Алқап күнінде» егістіктегі жетістіктер таныстырылды.

Көксу ауданындағы бұл шаруашылық заманауи технологияларды қолданып, жаңа тұқым сорттарын тәжірибиеден өткізіп жатқанына 10 жылдан асты. Қант қызылшасы, соя, арпа мен жүгеріге жеті гектардан бөліп, жылда аста-төк өнім алады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Мына алқапта жайқалып тұрған қазақстандық сояның «Айсәуле» деген тұқымы. Аты айтып тұрғандай отандық ғалымдар өндіріп шығарған. Өнімділігі гектарынан 60 центнерден асады. Ал оған қарама-қарсы орналасқан бұл алқапта қазақстандық «Болашақ» және «Әбілқайыр» деген қант қызылшасының тұқымы. Бұл дақылдың да өнімділігі жоғары. Гектарынан 800-900 центнерге дейін өнім алуға болады. Оған мысал ретінде міне мына түбірдің өзі екі айда 400 грамм салмақ жинаған.

Отандық тұқымдардың тағы бір ерекшелігі түрлі ауруларға және жергілікті климатқа төзімді келеді. Ең бастысы сапалы тыңайтқыштар мен гербицид, пестицидтерді уақытылы қолдану керек дейді, шаруашылық жетекшісі.

Қалибек Алпысбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Жаңа технологияларды, жаңа гербицидтерді қолданып, бүгінгі таңда мына қант қызылшасында адам қолы қолданылмайды, бәрі технологияменен.

Ғалымдар да шаруалардың әрі сапалы, әрі мол өнім алуына мүдделі. Бұл бірінші кезекте еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болар қадам.

Сейіткәрім Қалтаев, Қазақ егіншілік және өсімдіктану ғылыми-зерттеу институтының орталық жетекшісі:

Жаңа шыққан сорттардың, элиталық тұқымдарды тұқым шаруашылықтарға тегін береміз. Сонымен бірге өзіміз ғылыми негізге сүйеніп жасаймыз.

Биыл өңір шаруаларын қолдау мақсатында 8 сервистік дайындау орталығы ашылды. 2,5 млрд теңгеге дән себуден бастап, өнімді жинайтын 60-тан астам жаңа техника алынды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу