Домбыра күнін шеттегі қандастарымыз да атап өтті. Мәскеудегі қазақтар бұл күні арнайы дөңгелек үстел өткізіп, домбыраның маңыздылығына тоқталды.
Омбы, Алтай, Мәскеу қазақтары мен түркі халықтары домбыра күнін атап өтті. Мәскеудің «Астана» халықтар мен ұлттық мәдениеттер достығына жәрдемдесу қоры Ресей астанасындағы өзге ұлт өкілдерінің де басын біріктірген ұйым. Сондықтан шарада қазақтың ұлттық аспабынан бөлек, памир сетары, әзірбайжан сазы, ноғай, қырғыз, қарақалпақ домбырасы шырқалды.
Роман Болховитин, «Астана» халықтар мен ұлттық мәдениеттер достығына жәрдемдесу қорының төрағасы:
Қазақтың домбырасы кең таралған музыкалық аспап, меніңше әр отбасыда болуы тиіс. Жалпы біз осы мерекеге орай қазақтың ұлттық домбырасын кеңірек насихаттап, жаңғыртамыз деп шештік.
Шарада қазақ халқының музыкалық дәстүрлеріне де ерекше көңіл бөлінді. Басты мақсат-ұлттық құндылықтар мен этникалық мұраны сақтау. Жалпы бүгінгі күні Ресейде домбыра үйірмелерінің саны артып келеді.
Жарқын Өтешова, Мәскеу қаласындағы «Астана» қорының президенті:
Бүгінгі кештің маңызы - негізі біздің ұрпағымыз біздің салт-дәстүрімізді ұмытпауы. Біздің ата-бабаларымыздың қасиеттеп келе жатқан қара домбырасын біліп, әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра тұрсын деген мақсатпен ұйымдастырып жатырмыз.
Қазақстаның Ресейдегі ұлттық павильонында да домбыра курстары қайтадан ашылды.
Индира Бегайдар