Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлері күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлері күні

09.07.2024

Бүгін – Су шаруашылығы қызметкерлері күні. Қазақстанда осы салада 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Байтақ даламызда судың басы-қасында жүрген, күні-түні кезекшілікте тұрып қалтқысыз қызмет еткен мыңдаған жұмысшылардың еңбегі елеусіз емес. Су ресурстары және ирригация министрі 300-ден аса маманды арнайы құттықтап және үздіктер мен белсенді қызметкерлерді марапаттады.

Шынболат Ермағамбетовтің су саласында қызмет етіп келе жатқанына 40 жылдан асты. Аймақтың бас гидротехнигі - Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітірген кәсіби маман. Өңірдегі ірілі-ұсақты өзендердің «мінезін», су жолын, қашан тасып-толарын ұңғыл-шұңғылына дейін біледі. Тасқынның боларын да алдын ала болжап, ескерткен.

Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженер-гидротехнигі:

«Түн патшасы - шырақ, су патшасы - мұрап» дейді. Сушыларды мұрап деп атаған. Судың әмірі деген мағынаға келеді. Суды әділдікпен таратпаса, ол жетпейді. Біреуді ақсатасың, біреуді қақсатасың. Жас мамандарға айтарым, адал бол! Тасқын су басталғанда біз қуанып отырдық, мол су келе жатыр деп. Су жетпей қалса, біз кінәлі боламыз, асып кетсе, тағы біз кінәлі боламыз. Дегенмен, судың мол болғаны жақсы.

Биыл қала ортасындағы Шаған су қоймасы жүз пайыз суға толды. Бұған қоса, өңірде сыйымдылығы 260 млн текше метр болатын 13 су қоймасы бар. Көктемде барлығы да ернеуіне дейін тіршілік нәріне толды. Кенезесі кепкен 145 мың гектар көлтабан мен шабындыққа су барды. Бұл - 30 жылда болмаған көрсеткіш. Қазір мол су ауыл шаруашылығына пайдаланылып жатыр. Аймақта алдағы бес жылда 120 млрд теңге болатын 84 жоба жүзеге асырылмақ.

Есбол Төлеміс, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:

Казталов ауданындағы Сарыөзен өзеніндегі Сексенбай ауылы тұсындағы су қоймасы. Және Қараөзендегі Жалпақтал ауылының тұсындағы су қойманы салу жоспарда бар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмысы басталады деген ойдамыз.

Елдегі су шаруашылығы саласында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Төл мерекеде елорда төрінде Су шаруашылығы министрлігінде үздіктер марапатталды. Олардың арасында батысқазақстандықтар да бар.

Мамандар тасқында Жайық пен Қараөзен, Сарыөзен арнасына келген мол суды шашау шығармай, жинап алды. Күні-түні кезекшілікте болып, жанқиярлықпен еңбек етті. Ресейлік әріптестерімен ақпарат алмасып, тасқын судың қауіпсіз өтуін қадағалады. Ерен еңбегі қандай құрметке де лайық.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу