Астанада ата-аналар «Жайлы мектепке» құжат тапсыру үшін ұзын-сонар кезекте тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ата-аналар «Жайлы мектепке» құжат тапсыру үшін ұзын-сонар кезекте тұр

10.07.2024

Астанада жаңадан салынып жатқан «Жайлы мектепке» құжат қабылдау айқай-шумен басталды. Ата-аналар орын алу үшін тіпті таңғы 4-тен бастап кезекке тұрыпты. Олар құжат қабылдау дұрыс ұйымдастырылмаған,-дейді. Ал қазір мәселе шешілді ме? Тілшіміз Аманкелді Сейтхан біліп келді.

Бұл 71-ші мектептің қасында кеше болған жағдай. Биыл ашылатын 101-ші мектеп салынып бітпегесін оған құжат қабылдау 2 күннен бері осында жүріп жатыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

71-мектептің алдында бүгін де ұзын-сонар кезек. Өйткені бұл мектептің өзі үш ауысымды. Ал жалпы Жағалау өте халық тығыз орналасқан аудан. Білім ордалары бұрыннан жетіспейді. Сондықтан ата-аналар балаларын жаңадан ашылған жайлы мектепке берсек деп жанталасып жатыр.

2-ші күн қатарынан кезекте тұрғандардың бірі – Айнұр. 6 сыныпқа көшкен баласын жаңа мектепке ауыстырмақ. Өйткені баласы оқитын 79-шы мектеп 3 ауысымды әрі үйінен алыс.

Айнұр Мұрат, қала тұрғыны:

Кеше сағат 11-ден 2-ге дейін болдым. Содан кейін кетіп қалдым. Өйткені 600-ге дейін қабылдады. Бүгіннен бастап 601-ден бастап қабылдап жатыр.

Ал қалалық білім басқармасының өкілі мұнша кезектің пайда болуының себебі ата-аналардың асығыстығы,-дейді. Бүгін мәселені шешу үшін құжат қабылдайтындар саны 2 есеге көбейтілген. Құжаттар 31 тамызға дейін қабылданбақ.

Асыл Амангелдиева, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

Оқушылар тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылданады. Егер де осы тұрған ата-ананың барлығы осы мектепке бекітілген болса осы мектепке қабылданады.

Ел кезекте тұрмас үшін ертеңнен бастап SmartNation атты онлайн портал іске қосылмақ. Ал ЕGov жүйесі арқылы тек 1 сыныпқа құжат тапсыруға болады. Айта кетейік 2 күннің өзінде қағаз түрінде 1600 бала қабылданыпты. Сондықтан ата-аналар онлайнды күтіп отырғанда орын жетпей қала ма деп алаңдаулы.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ал қалалық білім басқармасының мәліметінше, міне осындай жайлы мектептердің әрқайсысына бір ауысымда 2 мың, ал 2 ауысымда 4 мың оқушы сияды.

Одан бөлек Жағалауда тағы бір жайлы мектеп салынбақ. Ал қала бойынша биыл 8 жаңа «Жайлы мектеп» қолданысқа беріледі.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу