Жаңа заң: Вандализм үшін енді қамауға алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа заң: Вандализм үшін енді қамауға алады

10.07.2024

Вандализм үшін жаза күшейсе де, бұзақылық тыйылар емес. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері қоғамдық орында өзгенің мүлкін бүлдірген 5 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жуырда Президент вандализм үшін жазаны қатаңдату туралы заңға қол қойды. 

Астана іргесіндегі Бұлақсай ауылында 1000-ға жуық адам тұрады. 1 жыл бұрын кәсіпкерлер мұнда балалар ойын алаңын салып берген. Алайда жарты жыл толмай әткеншектер мен жаттығу құралдарының сиқы мынау. 

Леонид Семекин, ауыл тұрғыны:

Әдемі ойын алаңы салынды. 1 жылға толмай күл-талқаны шықты. Күндіз балалар асыр салып ойнайды. Оны сындыратын күштері жоқ. Бұл жерге ауылдың жас жігіттері жиі жиналады. Түнделетіп отырады. Ойын-сауық жасайды. Кім бүлдіргенін ешкім мойындамайды.
Ал ауыл ақсақалының сөзінше, жергілікті тұрғындар ортақ мүлікке ұқыпты қарайды. Дегенмен жүгенсіз жандар да жоқ емес дейді.

Құдагелді Райханұлы, ауыл тұрғыны:

Сынды, қирап жатыр дейді. Ауыл ішінен әкім бар, тағы да жігіттер бар, бірді бірге құрастырып мында жаңа клуб салып алды. Сондай шаруалар істейді. Шамасынша күтіп қарайды. 
Тәртіп бұзушылық жиілеген соң Мәжіліс депутаты осындай бастама көтерді. 5 шілдеде Президент заңға қол қойып, жаза күшейді. Енді вандализмге жол бергендер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазаның тағы бір түрі – 50 тәулікке қамауға алу. Сондай-ақ «әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша, пайдакүнемдiк ниетпен бiрнеше рет жасалған» бұзақылық үшін 200 мың АЕК-ке дейін айыппұл қарасырылған. Қоғамдық жұмысқа 300 сағат беріледі, ал қатаң жаза ретінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.


Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу