Жетісу облысында көшесі мен ауласын таза ұстаған тұрғындар марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында көшесі мен ауласын таза ұстаған тұрғындар марапатталды

11.07.2024

Әр үйдің ауласы таза болса, тұтас ауыл таза. Жетісу облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында көшесі мен ауласын таза ұстаған тұрғындар марапатталды. Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы шаралар бүгін тағы бірнеше аймақта өтті.

Жарлыөзек ауылында өз ауласын ғана емес, бүкіл көшесін тазалыққа шақырғандардың бірі – Серік Наурызбай. «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосу үшін әр бір азамат алдымен өз үйі мен маңайын таза ұстауға ұмтылу керек, дейді ауыл тұрғыны.

Серік Наурызбай, Жарлыөзек ауылының тұрғыны:

Адамның жүрегі таза болу үшін үйің, төңірегің, көшең таза болу керек қой. Имандылық болу керек.

Ал Жамбылда «Аманат» партиясы мүшелері мен ерікті жастар Аса өзенінің жағасын тазартты. Өзенді бойлай демалатындар қоқыс қалдықтарын бей-берекет тастай берген. Жастар экологиялық сана түзелмей қоғамдық мәдениет қалыптаспайды, деген пікірде. Олар 1 шақырым аумақтан 5 тоннаға жуық қоқыс шығарды.

Медеу Мырзатай, ерікті:

Экологиялық мәдениет дегеніміз ол айналаны қоқыстан тазарту емес, қоқысты тастамаудан басталады. Осы кішігірім қағидаттар, осы кішігірім дүниелер ел ішінде үлкен қанат жайса, бұл үлкен үрдіске айналып, біз дамудың даңғыл жолына түсе аламыз деген ойдамын.

Сондай-ақ Шымкенттегі Бадам өзені бойын тазалауға 300-ге тарта адам қатысты. Олардың күшімен су арнасының 2 шаршы шақырым жері тазаланып, 1 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды. Акция басталғалы мегаполисте 5 тоннадан астам қоқыс теріліп, «Таза бейсенбіге» 1000-нан астам азамат үлесін қосқан.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу