Астанада үйін даулаған 4 мыңнан астам үлескер бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үйін даулаған 4 мыңнан астам үлескер бар

11.07.2024

Астанада үйін даулаған 4 мыңнан астам үлескер бар. Қала әкімдігінің дерегінше, шаһарда 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бітпей тұр. Бірінің құжаты жоқ болса, енді бірінің ақшасы жетпей, жұмысы тоқтап қалған. Баспаналы боламыз деп бар-жиған тергенін берген үлескерлер, бүгінде кәсіпкерлермен күресіп жүр.

Үйлі боламын деп үміті ақталмағандардың бірі – Марат Қуанышбек. 5 жыл бұрын Астанадағы 5 қабатты тұрғын үй кешенінен пәтер алу үшін ақысын толық төлеген. 2 жыл ішінде баспанасына кіріп, қоныс тойын тойлауы тиіс еді. Алайда, мердігер құрғақ уәдеге тойдырып, әлі күнге дейін құрылысты аяқтамаған. Ашынған үлескерлер Үкіметтен араша сұрап отыр.

Марат Қуанышбек, үлескер:

Барлық үлескер үйлеріне кіре алмай, пәтер жалдап тұрады. Жұмыстар өте ақырын баяу жүріп жатыр. Үлескердің бәрі 100 пайыз қаражатымызды құйдық. Көпшілігі кредит алып салған. 4 жылдан бері көбісі кредиттерін жауып үлгерген. Менің өзім 14 млн тг құйдым. Несие алдым.

Марат секілді ақшасын толық төлеп, бірақ баспанасына кіре алмай жүрген 80-ге жуық тұрғын бар. Олардың айтуынша, үйдің іргетасы қаланып, сырты сыланғанымен, іші бітпеген. Тіпті, әу баста келіскен пәтер сызбасы қазір, мүлдем өзгеріп кеткен. Ал сапасы сын көтеремейді, дейді үлескерлер.

Саржан Қуанышов, үлескер:

Сәуірде дейді. Жазды күні тамызда дейді. Қыста желтоқсан дейді. Сонымен 4 жыл өтті. Құрылыста істейтін адам олай құрылыс салмайды. Өткенде келістік материалын сатып алып бердік. Екі-ақ адам жұмыс істеп жатқан тұрғын үй кешені тамызда бітпейді.

Самат Құлысмырза, үлескер:

Тауық қораны үйтіп соқпайды адамдар. Сырты жылтырап тұрғанымен, ішінің бәрі түтін. Сапасын көрейін деп едім, көріп шошыдым. Біз қорқып тұрғанымыз, мынау құлап қалуы мүмкін. Мен 3 бөлмелі пәтерге 18 млн ақшаны құйдым.

Мердігер компания,құрылыс биыл тамызда тәмамдалады деп тағы уәде беріп отыр. Ал жұмыстың тежелуіне қатысты уәжі мынадай.

Руслан Құнанбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

Жұмыстың бұлай созылу себебі – қаражат жеткіліксіз болды. Бірер құжатты ретке келдірдік. Қазіргі таңда 2 емес, 8 жұмысшы бар. Тамызда кілттерді табыстаймыз деп отырмыз.

Тұрғынүй кешенінің уақытында қолданысқа берілуін әкімдік жіті қадағаламақ. Бұған дейін де, бірнеше мәрте тексеріс жүргізіп, ескерту беріпті.

Шыңғысхан Мейрамбай, Астана қаласы әкімдігі қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:

Бұған дейін де әкімдік тарапынан тексеріс болды. Ол кезде де керекті шаралар қабылданды. 1 апта бұрын үлескерлер тарапынан шағым түсіп, тағы тексердік. Пәтерлердегі қалқа жоспар бойынша салынбаған. Тиісті тапсырма беріліп, ескерту жасадық.

Былтыр Астана әкімдігі үлескерлердің қаржысын қабылдайтын құқығы жоқ 138 құрылыс компаниясының тізімін жариялаған еді. Атқарушы билік ісіне салғырт қараған мердігерлер тізімін биыл қайта жаңартып жарияламақ. Сондай-ақ, осы жылы құрылысқа рұқсат құжаттары жоқ 33 нысан анықталып, жұмысы бөгелді. Әкімдік жауапты мердігерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Динара Жарқынбек, тілші:

2019 жылы Астанада құрылысы ұзаққа созылған 150-ден астам тұрғын үй тіркелген. Бүгінде оның басым бөлігі Үкіметтің көмегімен аяқталып, үлескерлерге табысталды. Биылғы есеп бойынша қалада мәселесі шешілмеген 26 тұрғын үй кешені бар. Әкімдік ақпарынша, қалған нысандардың шаруасы жыл соңына дейін бітеді.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу