Жыл соңына дейін Алматы тұрғындарының 99% орталық сумен қамтылады. Ал желілердің тозуы шамамен 54% дейін төмендейді. Бүгін Премьер-министр Алматы қаласын сумен қамтамасыз ететін резервтік жүйе құрылысын тексерді. Сондай-ақ Олжас Бектенов «Ирригатор Қазақстан» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған түтікшелерді өндірумен айналысады.
Мұрат Ақшалов, «Ирригатор Қазақстан» ЖШС бас директоры:
Біз Қазақстанда бақша, көкөніс және мал азықтық дақылдар үшін бірнеше мың гектар тамшылатып суару жүйесін орнаттық. Жоба суды үнемдеуге бағытталған. Биыл қаңтар айында тамшылатып суару жүйесіне арналған полиэтилен түтіктер өндірісін іске қостық. 50 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» жобасымен салынған алғашқы мектептің құрылысымен де танысты. Нысан 95% дайын, биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Мектеп 1000-ға жуық оқушыны қабылдамақ. Бұған қоса Премьер-министр 480 орынға арналған Қазақ бас-сәулет құрылыс академиясы оқу корпусының реконструкциясымен танысты. Келер жылы пайдалануға берілетін жатақхана құрылысын көріп, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны өндірісін дамыту жоспарын тыңдады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Отандық автоөнеркәсіпті қолдау шаралары жалғаса береді. Кәсіпорынның инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқыны жақсы. Біз автоөнеркәсібі қуатты елге айналуымыз қажет.