БҚО: Жол құрылысында жаңа ғылыми әдіс қолданылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО: Жол құрылысында жаңа ғылыми әдіс қолданылады

11.07.2024

Батыс Қазақстан облысында бұдан былай жол құрылысында жаңа ғылыми әдіс қолданылады. Мамандарға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары көмектеспек. Сондай-ақ өңірде биыл Президент бақылауындағы Казталов-Жәнібек, Өнеге-Сайқын бағытындағы жол құрылысы аяқталады.

Бір жыл бұрын республикалық «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» күрежолының тас-талқаны шығып жатқан еді. Қазір төрт учаскеге бөлінген жолдың бір бөлігінде жұмыс 80 %-ға орындалған. Күннің аптап ыстығына зауыттан әкелінетін асфальт қызуы қосылып, бет қаратпайды. Әйтсе де бұған жұмысшылардың еті үйреніп кеткендей.
Бауыржан Әбішев, жұмысшы: 
Асфальт саламыз. Күн 40 градус болғанда, бізде жол үстінде 80 градустай болады. Асфальт өзі 170-180 градуста келеді. Жел бар, асфальт ыстығы бар - бәрін қосқанда 80-90-дай болады. Бәрі жақсы. Ыстық көп білінбейді.
Биыл аймақта бірінші рет жол құрылысына жаңа ғылыми-технологиялық әдіс енгізілді. Жаңа қоспа жол сапасын арттыруға сеп болмақ. Құрылысшыларға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары көмектесіп жатыр.
Мейрамгүл Қабдығалиева, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының департамент басшысы:
«Щебеночно-мастичный асфальтобетон» шығады. Және сол ШМА-ға жаңа бір қоспа қосып жатырмыз. Оның ішіндегі қиыршықтасы 70 %-тен астам болады. Битум сапасы төмен болғандықтан, осындай модификаторларды пайдалануға тура келеді.
Жанна Кенжина мердігер:
Қоспа құрамында су өткізу, температураға төзімділік бар. Жолдың опырылып кетуінен, жарықшақтан сақтайды. Оң нәтиже көрсеткен. Мақсатымыз - ұзақ және сапалы жол салу.
Бұл транзиттік дәліз 100 мың тұрғыны бар 50 ауылды облыс орталығымен байланыстырады. Жалпы ұзындығы 144 шақырым болатын күрежолдың шекара тұсында айналмалы көпір салынып жатыр. Құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Ал биыл республикалық Жәнібек, Бөкей ордасының жолдарын тапсыру көзделген.
Данияр Дүйсенғалиев, бөлім басшысы:
Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын жолын күрделі жөндеу жалғасуда. Жалпы ұзындығы - 245 шақырым. Жоба құны - 81 млрд теңге. Қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Биыл құрылысты аяқтап, пайдалануға тапсырғымыз келіп отыр.
Жолдағы озық тәжірибе ғылыми-институт пен облыс әкімдігінің өкілдері қол қойған меморандум аясында жүзеге асады. Сондай-ақ ғалымдар өңірде білікті маман даярлауға да атсалыспақ.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу