Мейіргерлердің міндеттемелері өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейіргерлердің міндеттемелері өзгереді

11.07.2024

Енді мейіргерлер науқастарды өзі қабылдап «диагноз» қоя алады. Денсаулық сақтау министрлігі бұдан дәрігерлердің жүктемесі азайып, медициналық қызметтің қолжетімділігі артады дейді. Ол үшін алдымен мейіргерлерді арнайы бағдарлама бойынша оқытып алмақ. Жаңашылдыққа халық пікірі қандай? Мейіргерлер нақты қандай диагноз қоя алады? Айя Мүтәлі анықтап көрді.

Мөлдір Саят - 9 жылдық тәжірибесі бар мейіргер. Бұған дейін әр шешімін дәрігермен келісетін ол енді науқасты өзі қабылдап жүр. Денсаулығын тексеріп, дәрі жазып, кеңес береді. Арасында «диагноз» қояды. Қабылдауға күніне 20 пациент жазылады екен.

Мөлдір Саят, мейіргер:

Мақсат - дәрігердің алдындағы кезекті азайту. Созылмалы, диспансерлік учетта тұратын пациенттер жылына бір рет белгілі бір врачтардың қарауынан өтеді. Бірақ олар врачтың қарауын қажет етпейді. Яғни ол созылмалы ауру өмірбақи алады. Сондықтан мейіргер созылмалы ауруы бар пациенттерді өзіне шақыру арқылы оны күнделікті динамикалық бақылау жасап отырады.

Ал мейіргердің «диагноз» қоюына қатысты қоғамның пікірі екіұдай. Бірі – ұзын-сонар кезек күтпейтін болдық десе, енді бірі дәрігерге көбірек сенетінін айтады.

Ал жауапты министрлік «мейіргерлік диагноз» белгілі бір дертке диагноз қою дегенді білдірмейді дейді. Сонымен бірге кез келген медбике жеке қабылдау жүргізе алмайды. Ол үшін жоғары білімі және арнайы дайындалған маман болуы қажет. Бүгінде Астанадағы бір ауруханада 80-ге жуық мейірбике болса, соның тек 20-сы осындай құқыққа ие.

Динора Халмұратова, РЦ ПМСП стратегиялық даму бөлімінің басшысы:

Мейіргерлер медициналық диагноз қоймайды. Мейіргерлердің өздерінің диагноздары болады. Ол әлеуметтік-психологиялық пациенттің жағдайына байланысты болады. Медициналық диагноз емес. 

Мөлдір Саят, мейіргер:

Мысалы науқасқа дәрі жазады. Бірақ оны пациент дұрыс қабылдамауы мүмкін. Егер де пациент дәріні дұрыс ішпей жүргенін көрген кезде біз мейіргерлік диагноз қоямыз. Ол жерде пациент дұрыс дәрі ішпейді деп диагноз қойылады.

 Айя Мүтәлі, тілші:

Ал мұндай «диагноз» науқас дұрыс тамақтанбаған, тазалықты сақтамаған және қан қысымы көтерілген жағдайларда қойылады. Және мейіргерлер созылмалы дертке шалдыққандардың еміне қатысты да қорытынды жасай алады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу