Шымкенттегі театр ғимараты салынғанына 10 жыл өтпей тозып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі театр ғимараты салынғанына 10 жыл өтпей тозып кеткен

11.07.2024

Шымкенттегі қазақ драма театрының ғимараты салынғанына 10 жыл өтпей жатып, тозып кетті. Сырты ғана сәулетті өнер ордасының сахнасы қойылымға ыңғайсыз, дыбыстау мен жарықтандыру кешенінде де кемшілік көп.

Тозған ғимарат ырсиған еден. Сахнадағы айналма подиум әуел баста дұрыс орнатылмағандықтан әлі күнге қозғалған емес. Қойылым кезінде түрлі түсті әр беретін 30 көтеру құрылғысының небәрі 4 ғана жұмыс істейді. Онда да актер астында сақтанып ойнайды, шымылдық сыртындағылар үреймен отырады.

Сая Қасымбек, Театрдағы әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

Әрбір штангеттен сахна минут сайын құлпырып тұрса көрерменді тартасыз. Ал ол төрт-ақ штангет бізде. Өте қауіпті.

Жарық беру және дыбыс зорайтқыш құралдар да ескірген. Театрдың басшылығы ғимараттағы қондырғылар мен құралдар техникалық қауіпсіздік ережелеріне сай келмейтінін айтады.

Арайлым Құрбанбекқызы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры:

Қазақстан Республикасында бекітілген театр және концерт залдарын салу туралы нормативтер жоқ. Біз бұрынғы 1979 жылы шыққан СССР-дің нормасына ғана сүйенеміз.

Өнер ордасының мүшкіл хәлінен жергілікті билік те хабардар. Театрға күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа қондырғылар алу үшін 1,5 миллиард теңге қаржы бөлуге дайын. Алайда оған заң жібермей тұр. Мерзімі жетпейінше ғимаратқа реконстуркция жасауға болмайды. Мәдениет мамандары енді сенаторлардан көмек сұрады.

Әлішер Сатыбалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл жерде заңдар ортақ болады. Бірақ тиісті министрлік, ведомстволар бұйрықтары, басқа да құжаттары арқылы шешу жолдарын қарастыруға болады. Алдағы уақытта орталыққа барған соң бұл мәселені зерделеп, тиісті шаралар қабылдауға көмектесеміз.

90 жылдық тарихы бар Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа 2014 жылы қоныстанған болатын. Актерлар сол кезде 500 көремермен сиятын өнер ордасы халықаралық талапқа сай екен деп қуанған еді. Бірақ шаттыққа толы көңіл күй ұзаққа бармады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу