Шикізаттық емес тауарлар экспортын ұлғайту амалдары талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шикізаттық емес тауарлар экспортын ұлғайту амалдары талқыланды

12.07.2024

Қазақстандық тауар өндірушілердің шет ел нарығына шығуына қандай кедергілер бар? Кәсіп иелері мен министрлік өкілдері жүзбе-жүз кездесіп, мәселені ортаға салды. Сауда министрі Арман Шаққалиев шикізаттық емес экспортты дамыту бойынша Жедел штабтың осымен 10-шы рет жиналып отырғанын айтып өтті.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Штаб алаңдарында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қазақстандық тауар өндірушілерді Қытайдың Бас кеден басқармасы импорттаушыларының тізіліміне енгізу мәселелері пысықталды. Еуропалық Одақ, Қытай Халық Республикасы нарықтарына шығу рәсімдері бойынша бизнес үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиналғандар мәселені 4 блокқа бөліп қарастырды. Ең алдымен экспорттың басым үлесі өңдеу өнеркәсібінің еншісінде. Одан соң экспортты жөнелту процесінің ұзақтығын және қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтарға еркін қол жеткізуін реттеу қажет. Бұл үшін Қазақстан-Қытай шекарасында тауарлардың жедел өтуі жөніндегі жұмыс тобын құру туралы келісім бар. Нәтижесі биыл тамыз айының соңында көрінбек. Жалпы, Қытай, Франция, Әзербайжан сынды мемлекеттерге шикізаттық емес тауарлар экспорты артқан. Ал Ресей Федерациясына, Өзбекстанға, Ауғанстанға экспорт қысқарған. Үкіметтің ендігі міндеті шикізаттық емес экспорт көлемін 2029 жылға дейін 45 миллиард долларға жеткізу.

Айнұр Сәкенова, отандық тауар өндіруші:

Қазіргі таңда біз ата-бабамыздан келе жатқан талқан өнімі қайта жандандырып, жаңа дәм беріп, осы өнімді экспортқа шығаруға үлкен қадам жасап жатырмыз. Брендіміз қазіргі таңда қуатымыз айына ондай қатты үлкен көп емес 50 мың данадан басталады. Бірақ біздің өнім сұраныс еліне байланысты өсіріледі. Қазірі таңда біз Қытай елін таңдап отырмыз. Және де өзіміздің көрші елдер.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу