Шымкентте шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түскен 22 азамат айыппұл төледі. Ал ескертуді елемеген бір ер жігіттің әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталған. Енді осындай оқиғалардың алдын алуға күш салынып жатыр. Биыл Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті билік тың бастаманы қолға алды.
Оқиға 20 күн бұрын Қайнарбұлақ көлінде болды. Алыс ауданнан қонаққа келген 23 жастағы азамат су ішінде малти алмай тұншығып, көз жұмған. Марқұм айдында шомылуға тыйым салынғанына қарамастан суға түскен.
Шілде түсіп, күн ысығалы сая іздеген көпшілік өзендер мен субұрқақтарды жағалап кетті. Әсіресе қаланы қақ жарып ағатын Қошқарата, Тоғыс өзендерінің жағалауы мен Бадам бойындағы демалыс орны түс болмай жатып, осылай адамға толып кетеді. Бұл - жұртшылықтың суға шомылуына ресми рұқсат етілген жерлер. Соған қарамастан «қауіпсіздік шараларын әлі де қатаңдату керек», - дейді көпшілік.
Сейітжаппар Сұлтанов, қала тұрғыны:
Негізінде бір өкіл адам керек. Қарап, байқап жүретін. Өйткені ата-аналар жөнді қарамайды. Балалар секіреді, шығады. Балаларға қауіптілеу екен.
Мегаполисте осы 3 су айдынынан бөлек шомылатын тағы 22 бассейн бар. Оның барлығында қауіпсіздік талаптары сақталған. Ал суға түсуге тыйым салынған 13 орында арнаның деңгейі төмендетілген.
Нұржан Қаракөзов, қалалық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:
Тыйым салынған орындарға қанша жүргізілген түсіндірме, үгіт-насихатқа қарамайды тұрғындар. Шомылады. Оларды анықтап, Төтенше жағдай департаменті тарапынан 22 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл салынды.
Қайғлы жағдайларды болдырмау үшін биыл Төтенше жағдай департаменті мен жергілікті билік тың бастаманы қолға алды. Құтқарушылар жағдайы төмен отбасы балаларын суда жүзуге тегін үйретуде.
15 бассейндегі үйрету сабақтары үш айға созылмақ. Қазірдің өзінде 1 мыңнан астам бүлдіршін суда еркін жүзуді меңгеріп алды.
Абылайхан Мүслім, оқушы:
Бұдан алдын жүзе алмаған соң бассейінге аяғымды салып отыратын едім. Осы бассейнге келіп, үйрендім. Қазір жақсы, бассейінге өзім түсе аламын.
Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, түсіндіруге байланысты мамандар мереке және демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс атқарып келеді. Оған полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылған.
Ғани Қалмаханов