Қазақстан арқылы Өзбекстанға заңсыз дәрі-дәрмек жеткізумен айналысқан трансшекаралық қылмыстық топ құрықталды. Контрабандалық тауар Үндістанда өндірілген. Жедел шара барысында құны 1 миллиард сумнан асатын препарат тәркіленді.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, дәрі-дәрмек алдымен Делиден Алматыға жеткізілген. Содан соң, күдіктілер оны Түркістан облысы Сарыағаш ауданы арқылы жасырын жерасты жолымен өткізіп отырған. Ұзындығы 310 метр болатын тоннельдің есігі 49 жастағы өзбекстан тұрғынының үйінен шыққан.
Махлиё Валикулова, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілі:
Жер асты өткелі желдету құрылғысымен жабдықталып, жарықтандырылған. Ол жерден жүк тасымалдайтын арбалар мен арқан табылды. Бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталды.
Базаркүл Отыншиева