Оңтүстік өңірлерде кенеден кесел өршіді. Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында қырым-қанды безгегінен екі адам қайтыс болды. Одан өзге Қызылорда облысында тағы 7 тұрғын кене энцефалитіне шалдыққан.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Жазғы маусым зиянкестердің қозатын кезеңі. Бүгінге дейін облыста 891 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл жағымсыз статистика өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Ал ауру тасымалдағыш жәндіктерден зардап шеккендердің көбі егін, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар.
Жаңақорған ауданы Жайылма ауылында бірер күн бұрын 2008 жылғы жасөспірім кене шағып ауыр халде аурухана түскен. Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққан балаға дер кезінде ем-дом жасалып, дәрігерлер аман алып қалды.
Мейрамкүл Абдраман, инфекционист:
Қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде Конго-Қырым геммарагиялық қызбасы диагнозымен ем алып жатыр. Жағдайы ауыр, тұрақты динамикада. Емін қабылдап жатыр.
Өкішке орай Шиелі ауданында кенеден кесел жұқтырған ер адам ажал құшты. Ал Шымкентте 61 жастағы азаматты дәрігерлер аман алып қала алмады. Сайрам ауданының тұрғыны мал бағып жүргенде кене шаққанын білгенімен дәрігерге қаралмаған. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген науқас жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қауіпті кеселді жұқтыруы мүмкін деген күдікпен бір жасөспірім дәрігерлердің бақылауында.
Бақтығали Ережепов, қалалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері:
Қазіргі таңда бір науқас жатыр. Ол 12 жасар бала. Жағдайы тұрақты Жатқанына 8 күн болды. Протокол бойынша 14 күнге дейін бақылап, үйіне шығару керек. Қазір жағдайы орташа ауырлықта.
Індет тасымалдайтын кенелердің ошағы ретінде Қызылорда облысында 115 елді мекен нақтыланған. Жыл сайын көктем-күз айларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен зиянкестер одан азаяр емес. Тіпті ауру қоздырғыш кенелердің түрі көбейіп бара жатқаны мамандарды алаңдатып отыр.
Әлия Әбдіқайымова, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары:
Оншақты жыл бұрын бізде есепте осы кененің аурудың қоздырғышын тасымалдайтын 6-8 түрі бар десек, бүгінгі күні энтомолог мамандардың айтуынша 16 түрі бар. Екі еседен астам түрі көбейіп отыр.
Эпидемиологтар тұрғындарды табиғат аясында демалуға шыққанда және қора-қопсыда жұмыс істегенде кенеден сақ болу қажеттігін ескертеді. Егер зиянкес шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек, - дейді мамандар.
Әділбек Серікұлы