Түркиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына ірі көлемде қаржы құюға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиялық инвесторлар Қазақстан экономикасына ірі көлемде қаржы құюға дайын

16.07.2024

Стамбұл қаласында Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаевамен кездескен 35 ірі түрік компаниясының басшылары осылай деді. Себебі Қазақстанға қаржы құюға келетін компанияларға жасалып отырған қолдау ерекше. Мемлекеттік қызметтерді алуда және құжаттарды дайындауда жеңілдіктер көп. Сондықтан да соңғы 20 жылда түркиялық инвесторлар түрлі сала бойынша елімізге 5,1 млрд доллар қаржы салған. Әсіресе кейінгі 5-6 жылда бауырлас Түрік елінен келетін инвестиция көлемі күрт артқан. Бүгінде елімізде Түркиямен бірлескен 5 мыңнан аса компания жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды арттырып, Анадолы елінен келетін инвестицияны еселеу жоспарланып отыр.
Назира Нұрбаева, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Қазір жалпы инвесторларға қолдау ретінде «жасыл дәліз» механизмі енгізілуде. Оған сай Қазақстанда экономиканың басым секторындағы инвесторларға жеңілдіктер қарастырылуда. Мысалы құрылыс рұқсаттарын алу тездетіледі және жалпы мемлекеттік қызметтері жылдам әрі оңай алуға болады.
Айкут Кучук, «LC Waikiki» компаниясының өкілі:
Қазақстанда 15 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 50-ден аса дүкенімізде екі мың адамға жұмыс беріп отырмыз. Қазір Алматы маңында үлкен логистикалық орталық салып жатырмыз. Алдағы уақытта басқа да салаларға инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі жиында сол мәселелерді жан-жақты талқылап, тиімді шешімдер қабылдадық.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу