Шымкентте медициналық бұйым шығаратын кәсіпорын жұмысы тығырыққа тірелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте медициналық бұйым шығаратын кәсіпорын жұмысы тығырыққа тірелді

17.07.2024

Шымкентте медициналық бұйымдар мен дәрігерлердің қорғаныш киімдерін шығаратын «Экофарм» кәсіпорыны 4 жылдан бері шығарған өнімін өткізе алмай отыр. Салдарынан қоймада миллиардтаған теңгенің тауары жиналып қалған. Сондай-ақ тапсырыстың жоқтығынан 100-ден астам жұмысшы қысқартуға ұшырады.

200-ден астам тігіншіден қазір қалғаны он жұмысшы. Олардың барлығы зейнет жасына жақындап қалған әйелдер. Тапсырыс мүлдем тоқтаған соң кезінде тәжірибесіз жас мамандар шала істеген бұйымдарды сөгіп, қайта дұрыстап отыр. Ал қыруар ақшаға шетелден маман шақыртып, жұмыс қалпына әрең келтірген тігін машинелері мен станоктар шаң басып тұрып қалды.

Мүбәрәк Бонусова, тігінші:

Кішкентай жұмыстарда отырмыз. Айлығымыз да аз. Бала-шаға асырау керек. Тапсырыс жоқ. Зейнетке жақын жаста болғандықтан бізді басқа жерге жұмысқа алмайды.

Зауыт күре тамырдан вакумды жүйеде қан алатын пластикалық түтікшелер мен арнайы инелер, пробиркалар шағаратын және қорғаныш киімдерін тігетін еліміздегі біргей кәсіпорын. Іске қосылғанына 12 жыл болған өндіріс орны мемлекет тарапынан миллиардтаған теңге қолдау қаржы алған.

Гүлия Жүзенова, зауыттың атқарушы директоры:

Бүгінгі таңда ол 20 миллиард теңгеден асып кетті. Осыншама шығын жасап, мемлекетіміз шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаймын деп отырып, ең соңында Денсаулық сақтау министрлігінде үш бұйрық шықпаған соң өндіріс өте қиын жағдайда құлдарып кетіп жатыр.

Отандық өндіріске тұсау болып отырған Денсаулық сақтау министрлігінің үш түрлі бұйрыққа мақұлдап қол қоймауы. Оның бірі медициналық бұйымдардың тізбесін айқындау, екінші техникалық сипаттамасының, үшіншісі саудалық атауына шекті бағаны бекіту туралы. Құжаттың жоқтығынан еліміздегі медициналық бұйым шығаратын 60-қа жуық кәсіпорынның жұмысы тығырыққа тірелді.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы мәселелерді біздің фракцияда үлкен жиналыс жасаймыз. Және де министрдің өзін шақырып, ассоциация бар, өндіруші бар осыларды шақырып, осы сұрақтың жауабын табуға тырысамыз.

Қазір зауыт қоймасында 4 жылдан бері өндірілген тауарлардың мұрты бұзылмай тұр. Сатылмай қалған өнімнің жалпы бағасы 1,5 миллиард теңгеден асады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу