Трамп президенттікке кандидаттықты ресми түрде қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп президенттікке кандидаттықты ресми түрде қабылдады

19.07.2024

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп мемлекет басшылығына кандидаттықты ресми түрде қабылдады.

Мұны ол Республикалық партияның Висконсин штатында өткен ұлттық съезінде мәлімдеді. Бұл жиын төрт күн бұрын басталды. Оған Трамптың жүздеген жақтасы жиналды. Төрт жылда бір өтетін съезден кейін Құрама Штаттар президенттігіне үміткер қарашада өтетін сайлау алдындағы шешуші үгіт-насихат науқанына кіріседі.

Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:

Төрт айдан кейін бізді керемет жеңіс күтіп тұр және біз ел тарихындағы ең ұлы төрт жылды бастаймыз. Әр азамат үшін қауіпсіздіктің, өркендеудің және еркіндіктің жаңа дәуіріне аяқ басамыз. Қоғамдағы алауыздықты жою керек. Біз оны тез емдеуіміз керек. Америкалықтар ретінде бізді ортақ тағдыр байланыстырады. Бірге көтерілеміз немесе бірге құлаймыз. Мен жарты Американың емес, бүкіл Американың президенті болуға үміткермін. Өйткені Американың жартысы үшін жеңіске жету мүмкін емес. Сондықтан бүгін сеніммен, адалдықпен Америка Құрама Штаттарының президенттігіне ұсынуларыңызды мақтанышпен қабылдап тұрмын.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу