Бангладеште тәртіпсіздік кезінде ондаған адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бангладеште тәртіпсіздік кезінде ондаған адам қаза тапты

19.07.2024

Бангладеште тәртіпсіздіктер жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, ондаған адам қаза тауып, талай ғимарат пен автокөлік өртелген. Сонымен қатар, интернет ажыратылып, байланыс үзіліп, кейбір қалаларға әскер кіргізуге тура келді. Бұл шеруге мемлекеттік қызметке квотамен алу туралы заңның қайта күшіне енуі себеп болды.

Осыдан бірер сағат бұрын Бангладеште мемлекеттік телеарна жаңалықтары эфирден жоғалып кетті. Сонымен қатар, интернет пен ұялы байланыс үзілген. Газет-журналдардың сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшалары жаңартылмай тұр.

Бұл оңтүстіказиялық мемлекетте студенттер шерулері өткен айда басталды. Содан бері қақтығыстардан кемінде 28 адам мерт болып, жүздегені жараланған.

Хаснат Абдуллах, наразы студенттер өкілі:

Полицейлер көзді жасаурататын газ қаруын қолданды. Біз намазымызды оқып, жай ғана кетіп бара жатып, осындай шабуылға ұшырадық.

Демонстрациялардың басталуына Жоғарғы соттың мемлекеттік қызметке квотамен қабылдау туралы заңды қалпына келтіруі себепші.

Бұл шешімге наразылық білдіріп көшеге шыққан жастардың өздеріне қарсылас табылды. Екі жақ арасындағы қақтығыстардан талай ғимарат өртеніп, бүкіл елде мектептер мен университеттерді уақытша жабуға тура келіп отыр.

Ясмин Джутхи, шеруші:

Үкіметтің жақтастары бізге шабуыл жасап жатыр. Басында айттық - біз орта мектеп оқушыларымыз деп. Ақылға салсақ, жұмыс орындарының 50 пайызын тек квота иеленушілерге беру дұрыс емес. Жөні түзу мемлекет мұндай қадамға бармаса керек.

Алайда, үкімет мемлекеттік қызметтегі орындардың 30 пайызын 1971 жылы Пәкістаннан тәуелсіздік алу үшін соғысқандардың ұрпақтарына беру ұстанымынан бас тартпай отыр. Тайталас күшейіп барады: бес негізгі қалаға әскер кіргізіліп, оларда қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілген.

Айта кетсек, Бангладеште 170 миллион адам тұрады. Соның ішінде 32 миллиондай жас не оқуға түсе алмай, не жұмысқа тұра алмай жүр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу