Түркияда жасанды интеллект арқылы көркем фильм түсіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жасанды интеллект арқылы көркем фильм түсіріп жатыр

19.07.2024

Түркияда жасанды интеллект көмегімен толық метражды көркем фильм түсіріле бастады. Әлемде тұңғыш рет қолға алынып отырған бұл жобада фильмнің сценарийінен бастап монтажына дейінгі барлық сатысын тек қана жасанды зерде дайындайды. Фантастикалық жанрдағы «3071» атты фильмде адамдар мен технология арасындағы қақтығыстардан әлемді құтқару үшін түркі халықтары қаһармандарының образдары қолданылмақ. Сценарий бойынша Мете хан, Алпарслан, Фатих Сұлтан Мехмет сияқты тарихи тұлғалар адамзатты алапат соғыстан аман алып қалады. Фильмді жасаушылар бүгінде дүние жүзіне белгілі Chat GPT, Google Gemini, Microsoft CoPilot сияқты жасанды зерде бағдарламаларын қолданатындықтарын айтты.

Онур Кайгын, жоба жетекшісі:

Бұл стартап жоба арқылы біз жаңа дәуірді бастадық деуге болады. Әрі жастарды жұмыспен қамтып, үлкен шығармашылық ұжым құрдық. Әлемдік аренадағы жетекші компаниялармен серіктестік орнатып, елімізді жаңа деңгейге жеткізу үшін осы жолға шықтық. Біз бастаған бұл жоба елімізде жаңа технологияның, кино мен жарнама саласының дамуына жол ашады деп білеміз. Біздің жобаның әлемде бірінші болуы технология, ғылым және жасанды интеллект дәуіріне жаңа бір есік ашады деп санаймыз.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу