Утиль алымын алып тастауға негіз жоқ - Министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Утиль алымын алып тастауға негіз жоқ - Министр

19.07.2024

Утилизациялық алымның көлемі өзгеріссіз қалады. Қоғамда қызу талқыға түскен мәселе бойынша бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі соңғы ресми шешімді жария етті. Қанат Шарлапаев «Ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды» - деді. «Утиль алым жойылсын» деген петицияға мамырда 50 мыңнан астам адам қол қойып, қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Содан бері жұмыс тобы құрылды, бірнеше қоғамдық талқылау өтті, қысқасы мәселе жан-жақты қаралды. Төрт күн бұрын алдын ала шешім де жарияланып, утилизациялық алым алынбайды деген еді жауаптылар. Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі соңғы сөзді айтты.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Утиль алым мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырды. Петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талаптар сақталды. «Ашық қоғамдық талқылау» нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Яғни утиль алымға қарсы петициядағы талаптар орындалмайды. Бұған негізгі себеп - отандық авто өндірісті қолдау. Өйткені утиль алым жойылса, жұрт жаппай шетелден көлік әкеле бастайды. Ал біздің зауыттардан шығатын машиналар өтпей қалуы мүмкін. Айта кетейік былтыр елімізде 150 мыңға жуық автокөлік шығарылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Жарас Әбдіқожаев, Көлік зауытының жетекші инженер-технологы:
Біз инженерлер ретінде отандық автопром жақсы дамыса дейміз. Өйткені автопром дамыған сайын еліміздің экономикасы да өндірісі де артады. Біздің көліктер де жақсы сатылатын болады.
Тағы бір себеп – экология. Қазір утилизациялық алымнан түскен қаражат 700 миллиард теңгеден асады. Бұл ақша ауыл және орман шаруашылықтарына техника сатып алудан бастап қоқыс зауыттарын салуға дейін жұмсалмақ.
Данияр Досымбеков, «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
185 млрд теңге шеңберінде бүкіл Қазақстан бойынша қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жаңа зауыттар, сұрыптау желілері салынады және қалдықтарды жинаумен, сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысатын жұмыс істеп тұрған компаниялар жаңғыртылады, өңірлерде қалдықтарды шығару үшін арнайы техника сатып алынады.
Бұдан бөлек утиль алымнан түскен ақшаға жеңілдетілген автонесие беру жалғасады. 4 пайызбен қарыз берерде енді көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға басымдық берілмек. Сондай-ақ түрлі сала мамандарына да жеңілдік қарастырылмақ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу