Сыр диқандары 191 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр диқандары 191 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті

19.07.2024

Соның ішінде 83 мың гектары күріш алқабы. Егін бітік шығуы үшін шаруалар шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан атыздың басында жүріп, күрішті баптап өсіруде.
Күн ұясынан көтерілгеннен егіс алқабында тірлік басталады. Қазір нағыз дақылдың бой көтеріп, нәр алатын кезеңі. Бесарық ауылының тұрғыны Ғалым Сыздықбаев 10 жылдан бері шаруашылықта сушы болып еңбек етіп келеді. Қолынан кетпені түспейтін шаруа бір өзі қаншама гектар күріштікті баладай баптап отыр.
Ғалым Сыздықбаев, сушы:
Биыл 38 гектар күрішке қарап жатырмын қазір. Қанша жерден ойы болады, биігі болады. Бірінші ой жерін суарып аламыз. Су деңгейіне келгеннен кейін шлюзді қысып, биігіне қаратамыз суын. Сол су деңгейін ұстау басты мәселе.
Жалпы күріш кеш пісетін дақыл. Сыр маржанын өсіру 110-120 күнге дейін созылады. Диқаншы қауым ала жаздай таңның атысы, күннің батысы бейнеттің бел ортасында жүреді. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы болып, егінге аяқ су жеткізу мәселеге айналды. Қазір шаруалар су үнемдеудің түрлі әдіс-тәсілін пайдаланып, егінді бітік шығарудың қамын жасап жатыр.
Ғалым Сыздықбаев, сушы:
Неғұрлым күріштіктің суын сыртқа ағызбауға тырысамыз. Атыздың ішінде ұстауға. Ысырап қылмауға тырсамыз ғой. Егін ғой енді бұл. Бірде былай, бірде былай. Кім болса да жоғары өнім алғысы келеді. Биіктен көрінгісі келеді.
Биыл Бесарық ауылының шаруашылығы «Янтарь», «Лидер» сорттарынан бөлек, жаңа «Маршал» тұқымын өсіруды қолға алды. Шығымы жаман емес. Аптап ыстықта атыз жағалаған Ғалым Сыздықбаев секілді еңбек адамдарының тілегі әр гектардан мол өнім алып, күзде қамбаны дәнге толтыру.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу