Биыл Алматы облысы Есік қаласында 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылады. Нысаннның құрылысымен Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов танысып қайтты. Замануи стандарттарға сай салынып жатқан мұндай білім ошағының алғашқысы былтыр Қосшы қаласында бой көтерген. Енді Алматыда салынып жатыр.
Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Болашақта Алматы қаласында да 900 орындыққа арналған мектеп салынады деген ойымыз бар. Соған байланысты, міне, бүгін тиісті құрылыс басқармасының басшысын Алматы қаласындағы Жобалау институт басшыларын осы жерге шақырып, тәжірибе алмасу мақсатында. Жаңа байқасаңыз сыныптардың ауданы 60-62 шаршы метр. Яғни балаларға өте ыңғайлы жағдай жасалған. Болашақта біздің мектептеріміз сондай болу керек. Спорт алаңдары да сондай болуы керек.
Сенат депутаты Алматы қаласындағы жол кептелісіне де назар аударды. Әсіресе, көлік нөпірі көп Құлжа тасжолы бойындағы жолды кеңейту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты. Айтуынша, жолақ саны артып, 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмысы аяқталады. Құлжа трактісі бұған дейін 4 жолақты болатын, енді екі бағытқа қарай 3-3-тен 6 жолақ болмақшы. Келесі жылдың соңына дейін қаладағы кептелісі басым көшелерді реттеу жоспарда бар.
Әйгерім Ердәулет