Ауылына тірек болған азамат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылына тірек болған азамат

20.07.2024

Қостанай облысының қиырындағы Көлқамыс ауылы – тасқыннан ең қатты зардап шеккен елдімекендердің бірі. Қора-қопсыны есептемегенде бірнеше үй жарамсыз күйге түскен. Қазір орнына жаңалары салынып жатыр. Бұл ауыл тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда іргесі сөгілмей, нарыққа бейімделіп қайта өркендеген еді. Табиғи апат та үй-жайды бұзғанмен, жергілікті жұрттың осы береке-бірлігіне нұқсан келтіре алмады.

Көлқамыс – бұрынғы бөлімше орталығы, қырыққа тарта түтіні бар шағын елдімекен. Жансая Сүйінғарина осындағы негізгі мектепке 2010 жылы жас маман болып келген. Жергілікті шаруашылық оны тегін баспанамен қамтамасыз еткен еді. Бірақ тасқын кезінде су басып, жарамсыз күйге түсті. Орнына мемлекет есебінен жаңасы салынып жатыр.

Жансая Сүйінғарина, Көлқамыс ауылының тұрғыны:

Ауылымыз дамып жатыр. Құрылыс жүріп жатыр. Жаңа мектеп те салынады деп жатыр. Соған қуаныштымыз. Осы мектепке жас мамандар келсе дейміз.

Кеңшар тарап, ауылдан береке қаша бастаған атақоныстың қайта түлеуіне мұрындық болған Кәкімжан Кәрбозов ақсақал. Ол 1992 жылы шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті жаңа заманға бейімдеудің үлгісін көрсетті. Ауылдастарын да осы іске жұмылдырды.

Кәкімжан Кәрбозов, еңбек ардагері:

Осы жерде отырған халыққа, шаруа қожылығын ашайық, сол қожалық арқылы елді еңбекке тартып асырайық деп үндеу тастадым. Бұл сөзімді халқым қолдады.

240 адам тұратын Көлқамыста 5 қожалық бар. 60 бала оқитын негізгі мектеп, клуб, медпункт жұмыс істейді. Соңғы екі нысан Кәкімжан ақсақал негізін қалаған шаруашылықтың есебінен салынған. Бүгінде оның ісін баласы Манат жалғастырып отыр.

Манат Кәрбозов, «Сыма» шаруа қожалығының жетекшісі:

Жылда жас отбасы шаңырақ көтереді. Оларға біз жаңа үй салып береміз. Ауыз су үйге кіріп тұр. Барлық жағдай бар ауылда.

Осылайша шаруашылық 5 жаңа үй салған. Көшелерді абаттандыру да басты назарда. Бүгінде қожалықта 1 жарым мың сиыр, 600 жылқы, 150 түйе бар. 30-ға жуық адам тұрақты еңбек етеді. Тасқыннан баспанасы жарамсыз күйге түскен тұрғындардың ешқайсы сыртқа кеткен жоқ. Бұл жерде мемлекет есебінен 19 жаңа үй салынып жатыр. Шалғайдағы шағын ауыл – береке мен бірліктің үлгісі іспетті.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу