Түркияда аптап ыстық басылмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда аптап ыстық басылмай тұр

22.07.2024

Түркияның батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық басылмай тұр. Соңғы күндері Стамбұл қаласында термометр бағаны 40 градусқа дейін көтерілді. Ауаның ылғалдылығы 80-90 пайызға дейін жетуі жағдайды тіпті ушықтырып жіберген. Қапырық қатты сезіледі. Осыған байланысты Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы тұрғындарды алдағы он күнде түс мезгілінде далаға шықпауға шақырды. Әсіресе қан қысымы жоғары адамдар мен балалардың мүлде күн көзінде жүрмеу керектігі ескертілді. Синоптиктер биылғы жазда Анадолы елінде ауа температурасы жылдағыдан бірнеше градус жоғары болып тұрғанын айтады.

Мехмет Өздемиржи, метеорология басқармасының маманы:

Ауа температурасы биыл жазда жылдағыдан 4-8 градусқа жоғары болып тұр. Әсіресе Стамбұл қаласы мен оңтүстік өңірлерде аптап ыстық. Кей жерлерде температура 40-41 градусқа дейін көтерілді. Ыстықтың түн мезгілдерінде де 25 градустан төмендемеуі бұрын тек тропикалық елдерде болатын. Ғаламдық жылынудың әсерінен қазір біздің елде де күн райы осылай өзгерді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу