Ақтөбеде үздік металлургтер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде үздік металлургтер марапатталды

22.07.2024

Ақтөбеде темір балқытып, болат құйған өз кәсібінің мықтылары марапатталды. 300-ге жуық еңбеккерге «Алғыс хат» пен естелік төсбелгілері табысталды. Оның ішінде 9 адам «Еңбек даңқы» орденін иеленді. Бәрі де ауыр өнеркәсіп саласына еңбек сіңірген өңір азаматтары.

Нұрлан Ұзақов, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехының өндіріс жөніндегі менеджері:

2000 жылдан бастап Ақтөбе ферроқорытпа, «Ақсу» ферроқорытпа зауытында жұмыс жасадым. Жұмысымның ішінде біраз ауырлықтар, қиыншылықтар болды. Соған төзіп, алға қарай Қазақстанды өркендетуге үлесімді қосып жатырмын. Сондай-ақ, еліміздің Президенті, еліміздің министр азаматтарына мыңда бір алғысымды айтқым келеді.

Сол сияқты Қостанай облысындағы Рудныйда да үздік металллургтерге құрмет көрсетілді. 70 жылдық тарихы бар темір рудасын өндіретін кәсіпорында бүгінде 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл кен байыту комбинаты 200 млрд теңгенің өнімін өндірді. Келешекте қуаттылығы жылына 4 миллион тонна ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жоспарда тұр. Жобаның құны 900 млрд теңге, 1000-ға жуық жұмыс орны ашылады. Президент жарлығымен 8 адам мемлекеттік наградаға ие болды. Сонымен қатар кәсіпорын өзінің үздік қызметкерлеріне отандық 10 автокөлікті сыйға тартты.

Дәуренбек Әбдібек

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу