Ферроқорытпа зауытындағы апат: Зардап шеккен жұмысшылардың несиелері өтеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ферроқорытпа зауытындағы апат: Зардап шеккен жұмысшылардың несиелері өтеледі

22.07.2024

Қарағандыда ферроқорытпа зауытында зардап шеккен 8 жұмысшының жақындары компания басшыларымен кездесті. Шет елдерден білікті мамандар алдырып, барлық көмек көрсетілетіні айтылды.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Апат таңғы 4-тің шамасында осы ферроқорытпа зауытында болды. Пештен жалын атқылаған сәтте жұмысшылар қашып үлгермеген. Сегіз адам түрлі дене жарақатын алған. Барлығы жедел ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда 8 жұмыскердің алтауы жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары тым ауыр. Дәрігерлер «тиісті көмектің барлығын көрсеттік, тіпті Астанадан білікті мамандар да келді»,- дейді. Одан бөлек жұмыс беруші компания Ресейден бір топ дәрігерді шақыртып, Түркия мен Израиль мамандарынан онлайн кеңес алып жатыр.
Берік Төлеубаев, Х.Ж.Макажанов атындағы көпсалалы аурухананың травматологиялық орталығының басшысы:
Бүкіл науқастарға керек көмек барлығы жасалды. Зерттеудің бәрі, керек мамандардың бәрі қарап шықты. Астанадан ғылыми зерттеу институтынан бас травматолог келіп науқастарды қарап, емдеу шараларына қажетті өзгерістер енгізді.
Қазір зауыттағы апатты жағдайдың мән-жайы анықталуда. Полиция қылмыстық іс қозғады. Ал өңір басшысының қадағалауымен арнайы құрылған комиссия тексеріс жүргізуде.
Мұрат Қаракекілов, Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
Бірінші күннен бастап комиссия жұмыс істеп жатыр. Көрген адамдарға сұрақтар жүргізіліп жатыр, орны тексерілді болған жағдайдың, техникалық құжаттары алынды. Аттестация өткізгені жөнінде құжаттары алынды, оларың барлығы қазір сараптамаға беріліп жатыр. Сол заңда берілген 10 күн үшінде сіздерге толық мәлімет береміз деп ойлаймын.
Әкімдікпен зауыт басшылары зардап шеккендердің жақындарымен жүздесіп, қолдан келетін көмектен аянып қалмайтындарын жеткізді. Бүгінгі кездесуде банктен алған несиелерін төлеп, отбасыларына басқа да қажетті көмек көрсету үшін міндеттеме алды.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу