Түркияда 30 жылдан бері болмаған аптап ыстық болуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда 30 жылдан бері болмаған аптап ыстық болуда

22.07.2024

Түркияда бір аптадан бері аптап ыстықтар басылмай тұр. Соңғы күндері кей жерлерде термометр бағаны 40 градусқа дейін көтерілді. Ауаның ылғалдылығы 80-90 пайызға дейін жетіп, қапырық қатты сезіледі. Осыған байланысты Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы тұрғындарды алдағы он күнде түс мезгілінде далаға шықпауға шақырды. Синоптиктер биылғы жазда Анадолы елінде ауа температурасы жылдағыдан бірнеше градус жоғары болып тұрғанын айтады.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Стамбұлдағы ыстық ауа райы қала тұрғындарының әбден мазасын қашырды. Шахардың тас көшелерінен қысылған халық қалалық жағажайға ағылады. Үлкен-кіші, жас-кәрі теңізге шомылып, ыстықтан қорғанып жүр. Синоптиктер мұндай аптап ыстық Түркияда 30 жылдан бері болмағанын айтады.

Еркан, Стамбұл қаласының тұрғыны:

Осы жерге теңізге түсіп салқындау үшін күнде келемін. Қала ішінде болғандықтан теңіз айтарлықтай таза емес. Бірақ ыстықтағанда еріксіз осында келеміз.

 Синан, Стамбұл қаласының тұрғыны:

Ыстықтан түнде ұйықтай алмаймыз. Ауа ылғал. Жұмыста болғандықтан теңізге аптасына бір рет қана келемін. Бірақ теңіздің суы да ыстық болып тұр.

Аптап ыстықтың кесірінен елдің төтенше жағдайлар басқармасы халықты таңертеңгі он мен кешкі бестің арасында көшеге шықпауға шақырды. Әсіресе балалар мен қан қысымы жоғары адамдар үшін бұл ыстық қауіпті.

Халил Алыш, Стамбұл қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Ыстық күннің астында жүру қан қысымы мен жүрек ауруларына қауіпті екенін бәріміз білеміз. Бұдан бөлек соңғы жылдары ультракүлгін сәулелердің кесірінен тері аурулары, тіпті тері рагы пайда болатыны да дәлелденді. Сондықтан күннен қорғану керек.

Ал ауа салқындатқыш сататын компанияларда сауда қызып тұр. Жаз басталғалы жылдағыдан екі есе көп кондиционер сатылды дейді.

Селчук Олгаз, ауа салқындатқыш сататын компания қызметкері:

Халық аптап ыстықтан қиналғандықтан бағасына қарамай сатып алып жатыр. Өткен жылы жазда күніне 5-6 ауа салқындатқыш сататын болсақ, биыл күн сайын 10-15 кондиционер сатып отырмыз. Тіпті қоймадан тапсырыс беріп үлгермей жатырмыз.

Жан жағын теңіз қоршап тұрған Түркияда күннің дәл осылай күрт ысуы ғаламдық жылынудың әсері дейді мамандар. Бұрын тек тропикалық елдерде ғана болатын мұндай аптап ыстықтар енді Түркияда да жыл сайын қайталануы мүмкін.

Айдос Әшімұлы 


Хабарламаларға жазылу