Ауылдарда жүздеген алғашқы медициналық көмек нысаны салынады. Ұлттық жоба аясында 355 мекеме ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп қойған. Олжас Бектенов әкімдерге құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Келер жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтпек. Жалпы ұлттық жобаға 60 млрд теңге бөлінген. Оның 21 миллиарды жұмсалды. Премьер-Министр әкімдіктер нысандардың құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейту керектігін айтты. Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарының әкімдеріне осы мәселені ерекше назарға алуды тапсырды. Құрылыс маусымы әсіресе солтүстіктегі өңірлерде тез аяқталатынын ескеру керек. Барлық нысандар белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының сапасын да бақылау керек, деді Үкімет басшысы.
Шерхан Жамбылұлы