Алматыда 8 ғасыр теміржолда еңбек еткен әулет тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 8 ғасыр теміржолда еңбек еткен әулет тұрады

27.07.2024

Алматыда 8 ғасырға тең ғұмырын теміржол саласына арнаған ардақты әулет тұрады. Қапышевтар отбасының 26 ұрпағы болат жолды кәсіп еткен. Олардың он бесі – ер, он бірі – әйел адам. Әрқайсысының 15 жылдан 45 жылға дейін еңбек өтілі бар. Садан Қапышевтан басталған қызмет бүгінде үшінші буынға жалғасқан. Қиындығы мен қызығы мол саланы игерген теміржолшылар әулетімен әріптесім Айдана Қуантхан тілдесіп қайтты.

Мұрат Қапышев еңбек жолын Жетісу облысындағы Матай станциясынан бастаған. Саналы ғұмырын саланың дамуына арнаған ардагер машинист бір бекетте табан аудармай 45 жыл еңбек еткен. Мұраттың әкесі Садан қария да 36 жыл Аягөз бекетінде жұмыс істепті. Одан тараған 4 ұл мен 4 қыз шойын жолды өмірлік кәсіп етіп, машинист, жол жөндеу шебері, ұстаз, теміржол дәрігері секілді бір саланың түрлі тармағын игерген.

Мұрат Қапышев, ардагер теміржолшы:

Бәріміздің де осы темір жол саласына баруымыз қызығушылықтан болды ғой, өйткені біздің бала күнімізде, үлкен ағаларымыз темір жолда істеп жүрген кезде біз ағаларымыздың істеп жүрген жұмысына қызығатынбыз, солар сияқты үлкен азамат болсақ, осындай салада істесек, біздің пайдамызды тигізсек деген арманымыз болған.

Мұрат ақсақалдан тараған ұрпақ, әулет ісін жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Біржан Алматы станциясында пойыздар мен жолдың қауіпсіздігіне жауапты.

Біржан Қапышев, «Қазақстан темір жолы» АҚ Алматы бөлімшесі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы:

Қатты тосатынбыз әкемізді. Аман-есен келсе екен деп. Олар енді жолда жүреді ғой үнемі. Кішкентай кезімізден көзімізді ашқаннан бастап темір жолда жүрміз. Әкемді, ағамды, атамды көргендіктен осы салаға қызығушылық болды. Осы темір жол саласында 20 жыл қызмет жасап жатырмын.

Ал қызы Әйгерім – Алматы жолаушылар тасымалының 1-санаттағы технигі. Ол пойыздардың кестесін құрып, вагон саны мен орнын реттеп отырады.

Әйгерім Қапышева, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» филиалының технигі:

 Теміржолшылардың бойында төзімділік керек, сабыр керек, бізде жартылай әскери қызмет қой сондықтан көп сөз керек емес, тек жұмыс. Қандай оқиға болсын біз ешқашан тоқтамаймыз, керісінше бізде төтенше жағдай болған кезде бізде жұмыс көбейіп кетеді, қарқынды жұмыс істейміз, екі есе жұмыс істейміз, тоқтаусыз қызметтеміз.

Мұрат ақсақал жұбайы Мензипамен 7 немере мен шөбере тәрбиелеп отыр. Кішкентай балғындардың да әулеттің бойтұмарына айналған салаға қызығушылығы жоғары. Ата жолын жалғастырамын десе, қуана қолдаймыз, дейді атасы. Ал бүгінде бірлігі мен тірлігі жарасқан шаңырақтың өнегелі ісі – көпке үлгі.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу