Арал аймағында тұрақты экологиялық жүйе құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал аймағында тұрақты экологиялық жүйе құрылады

29.07.2024

Қазақстан мен Өзбекстанға ортақ Арал аймағында тұрақты экологиялық жүйе құру шаралары жалғасып келеді. Бұл мәселеге көптеген халықаралық беделді ұйымдар араласып, еріктілер атсалысып жүр. Соңғы екі жылда қос елдің үкіметі тиімді жобаларды бірлесе талқылады. Мақсат -Арал теңізінің табанын ауыл шаруашылығына қолайлы аймаққа айналдыру.

Өзбекстан Арал теңізінің түбін көгалдандыруды бірнеше жылдан бері үзбей жүргізіліп келеді. Мұнан бөлек, осы аумақты адамзаттың игілігіне жарату, теңіздің табанына мал азығы болатын өсімдіктер егу, бал арасын өсіру мен ауыл шаруашылығын дамыту жоспары да бар.

Бақытжан Хабибуллаев, Өзбекстан Республикасы Экология министрлігі жанындағы инновациялық орталықтың директоры:

Өткен жылы 30 дан астам жүгері, бидай мен тары секілді өнімдердің сорттары араб елдерінен әкелініп, соның бірнеше түрі Арал аймағында жақсы жерсіндірілді. Енді көбейтуді қарастырып жатырмыз

Теңіз суының тартылуынан болған экологиялық апат салдарын азайту шаралары қос мемлекетте қатар қолға алынды. Көрші елде Арал теңізінің түбін көгалдандыру бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл істен Қазақстан да шет қалған жоқ. Қызылорда облысы аумағында сексеуіл мен қамыс, өзге де шөлге төзімді өсімдіктердің тұқымы жыл сайын егіліп жатыр.

Жүсіпбек Қазбеков, Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттық өзгерістер министрінің орынбасары:

Адамдарда экологияны жақсартуға деген құлшыныс бар кезде барлығын жасауға болады. Аралдың табанын көгалдандыру бойынша жүргізіліп жатқан істер осының айғағы. Тікұшақпен барлау жасағанда байқағаным, 2 млн гектарға жуық атыраптағы жасыл желек, егілген сексеуілдер көз қуантады.

Соңғы бес жыл көлемінде Арал теңізінің тартылған табанына көшет отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бауырлас екі ел экология мен табиғат қорғау саласында білікті мамандар мен сарапшылар даярлауды да қолға алмақ.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу