Диёра Келдиёрова дзюдодан Өзбекстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диёра Келдиёрова дзюдодан Өзбекстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды

30.07.2024

Бауырлас өзбек елі де Париж Олимпиадасының алғашқы алтынына қол жеткізді. 26 жастағы дзюдошы қыз Диёра Келдиёрова әлемнің айтулы спортшыларын шаң қаптырып, үздік атанды. Франция төрінде Өзбекстанның туы көкке көтеріліп, әнұраны шырқалды. Жеңімпаз қызды елдің президенті Шавкат Мирзиёев құттықтап, алғыс айтты.

Бұл Диераның 1/8 финалдағы қарсыласы жапондық Ута Абэні жеңген сәті. 5 жыл бойы әлемдік турнирлерде жеңіліс дегенді білмеген оны өзбектің қаршадай қызы қапы қалдырды.

Мұнан соң Келдиёроваға қарсылас шақ келмеді. Ширек финал мен жартылай сында жеңісті жолын жалғастырған Диёра финалда косоволық Дистрия Красникиді алып ұрып, Олимп шыңын бағындырды. Ол - Өзбекстан тарихында жазғы Олимпиада ойындарында алтын алған тұңғыш дзюдошы.

Диёра 1998 жылы 13 шілдеде Самарқан облысында туған. Алты жасында әкесі Бахтиер оны жаттығу залына жетелеп әкелген екен. Содан бері спорттан алыстамаған ару өмірлік бақытын да осы саладан тапқан.

Диёра Келдиёрова, Париж Олимпиадасының чемпионы:

Менің ең жақын досым, серігім - өзімнің жарым. Ол да спортшы. Жанымда ең көп жүретін адам, мені әрдайым түсінеді, спортта және өмірде үнемі қолдап қуаттап отырады. Қателескен тұстарымды түзетіп, жанашырлық танытудан шаршамайды.

Диёраның жеңісіне бүкіл ел қуанып жатыр. Ал спортшының туған жері Пастдаргом ауданының тұрғындары кешегі түнді ұйқысыз өткізді. Олар жеңімпаз қыздың құрметіне отшашу атып, шаттықтан билеп жүрді.


Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу