Қызылорда қаласындағы газ жарылысы: 4 жасөспірімнің жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласындағы газ жарылысы: 4 жасөспірімнің жағдайы ауыр

29.07.2024

Қызылорда қаласында жеке тұрғын үйде газ жарылды. Төрт жасөспірім зардап шегіп, ауыр халде ауруханаға түсті. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Жарылыстан кейін үй жарамсыз күйде қалған. Төбесі опырылып, ортасына түскен. Ал өрт сөндірушілер үйіндінің арасынан газ баллонын алып шығып, тағы бір қауіптің алдын алған.

Оқиға қаланың шеткі аумағы Әл-Фараби мөлтек ауданында болды. Үш бөлмелі баспанада соңғы 20 күн адам тұрмаған. Бірақ үй иесінің жақын туысы күнделікті келіп дүние-мүлікті бір тексеріп, бақылап отырғанын айтады. Ал балалардың қашан, қай уақытта қалаға келгенін білмепті.

Өтепберген Ермаханов, үй иесінің туысы:

Азанда сағат 11-дің кезінде келіп көріп кеттім. Ол кезде аман. Балалардың ол жақтан бері қыдырып келгенін білмеймін. Кешкілік осындай оқиға болған кезде бір-ақ білдік. Ішіндегі адамдардың аман қалуы неғайбыл еді. Білмеймін, балалардың періштесі қаққан шығар.

Жарылыстан зардап шеккен жасөспірімдер 14-15 жаста. Барлығы Қармақшы ауданы Ақжар ауылының тұрғындары. Қазір төртеудің екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер қатты күйік шалған дейді.

Олжас Құрбанбай, балалар травматологы:

2 ұл, 2 қыз газ жарылысынан күйік жарақаттарымен түсті. Көлемдері 50 пайыздан жоғары. Әрқайсынікі 50 пайыз, 60-70 пайыздың шамасында. Жарақаттары терең. Қазір реанимация бөлімшесінде реанимациялық ем шараларын қабылдап жатыр.

Қирандыға айналған үйдің аумағына өрт сөндірушілер өзге адамдардың кіруіне тыйым салған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды. Дегенмен мамандар баспананың ішінде табиғи газ ауаға тараған деген болжам жасап отыр.

Нұрсұлтан Ибрагимов, облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

Газдың жылыстауынан жарылыс орын алып, 4 жасөспірім жарақат алғаны жөнінде. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 292-баптың 2-бөлгімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында жеке тұрғын үйлерде 127 мәрте өрт тіркеліп, алты адам жарақат алған. Төртеуі қайтыс болды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу