Жыл басынан бері Алматыда 32 мың 700 жұмыс орны ашылды. Оның 75 пайызы тұрақты жұмыс. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Президент қабылдауында айтты. Ерболат Досаев қала қарқынды түрде инвестициялық өркендеу жолында екенін атап өтті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өскен. Жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін газбен жүретін 600 автобус, 100 электрлі автобус, 112 троллейбус сатып алынғалы отыр.
Биыл 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының құрылысы және 12 емхананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Мемлекет басшысына мектептердегі орын тапшылығын азайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде де айтылды. Жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 3,7 мың орындық 8 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 6,4 мың орындық 10 жекеменшік мектеп ашылады.