Мопед және такси жүргізушілеріне талап күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мопед және такси жүргізушілеріне талап күшейеді

30.07.2024

Жолда жылдамдық асырған көлік жүргізушілеріне жаза күшейтіледі. Өйткені жол көлік оқиғалары азаяр емес. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатының құрбаны болады. 19 мың адам түрлі жарақат алады. Соңғы кезде мопед жүргізетіндер көбейіп, жол апатының жантүршігерлік статистикасын көбейткен. Үкімет басшысы жол қозғалысын реттеуді тапсырды. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Мопед жүргізушілеріне талапты күшейту туралы заң әлі Сенат қарауында. Заң күшіне енген жағдайда мопедтер жаппай тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі. Жүргізуші куәлігі де талап етіледі. Дегенмен Үкімет басшысы құжат қабылданғанша жол апатының көбейгеніне алаңдаулы.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Биылдың өзінде мопедттердің қатысуымен болған апаттарда 27 адам қаза тапты. Бұл масқара дерек. Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз?

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

Олжас Абайұлы, иә, проблемалар бар. Көбінесе өздеріңіз білетіндей, бұл мопедтерді басқаратындар – жасөспірімдер мен курьерлар.

Дегенмен Ішкі істер органы заң қабылданғанын күтпей-ақ тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтады. Бүгінде жол ережесін бұзған 39 мың жүргізуші жазаға тартылған. Оның 202-і – кәмелетке толмаған бала. Құқық қорғау қызметі олардың ата-аналары жауапқа тартты. Сондай-ақ 5 мыңнан астам мопед айыппұл тұрағына қамалды. Такси жүргізушілеріне де талап күшейтілмек. Себебі пайда табу үшін ұйықтамай, демалыссыз көлік басқаратындар көбейген. Мас күйінде автомобиль тізгіндейтіндер де 15 пайызға артты. Премьер-министр жол қозғалысын реттеу үшін цифрлық жүйе енгізуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Жыл басынан бері 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзудың жолы кесілді. 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәртіп бұзатындарға өте қатаң шаралар қолданылуы қажет.

Ал елдегі республикалық жолдардың 3%-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жол сапасы нашар. Соның кесірінен биыл жол жөндеуге жауапты 3,5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Көлік министрі биыл 7 мың шақырым жол жөнделіп жатыр деп уәде берді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Атап айтқанда, Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және Мерке – Бурылбайтал жолдарының I және II техникалық санатқа ауыстырылып, учаскелерінде жұмыстар аяқталады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Олжас Бектенов автомектептерге қойылатын талаптардың аздығын және оларға әкімшілік жауапкершіліктің жоқтығын сынға алды. Себебі қазір оқу орталықтарын ашу үшін лицензия мен арнайы рұқсат талап етілмейді. Тіпті, көпшілігінде қажетті материалдық база жоқ. Енді Ішкі істер министрлігі автомектептерді түгелдей есепке алуы қажет. Қажет болған жағдайда жүргізуші куәлігін алу тәсілдері қайта қаралатын болады.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу