Алматы облысында үш ұрпаққа ұласқан дәрігерлер әулеті тұрады. Ата жолын қазір немересі жалғап келеді. Жарты ғасырдан бері мыңдаған науқасқа ота жасаған Исабаевтар отбасының өмірлік ұстанымы - күрмеуі қиын медицина саласында жаңылмау. Мәселен Қайрат Кәрімұлы 26 жылдан бері соқырішектен бастап, көкбауыры езіліп, ұйқы безі жарылған науқастарға дер кезінде көмек беріп, үлгеріп келеді. Қазір облыстағы Талғар ауданы мен Есік қаласындағы бірнеше медицина мекемесінде еңбек етуде.
Қайрат Исабаев, дәрігер-хирург:
Мен медицинаға кездейсоқ келген жоқпын. Әкем 50 жылдан астам уақыт білікті хирург болып мінсіз жұмыс істеді. Оған қарап мен де науқастарға қиын сәтте қолын ұшын созуды өмірлік мақсат тұттым. 26 жылдың ішінде 7 мыңға жуық адамға ота жасаппын. Енді, міне, ұлым да осы саланы меңгеріп келеді. Ант берген соң бізге қателесуге болмайды.
Әулетке ортақ саланы меңгерген отбасымен етене жұмыс істейтін әріптестері олардың еңбекқорлығы аталарынан дарығанын айтады. Жарты ғасырдан астам уақытын дәрігерлік салаға арнаған Кәрім Кәкімжанұлы алдымен педиатр, кейіннен жансақтау бөлімінде анестезиолог-дәрігер,соңғы 40 жылын жалпы хирургияға арнаған.
Ырысалды Нақанқызы, емхана мейірбикесі:
Қайрат Кәрімұлымен мен осы Талғарда 30 жылдан бері жұмыс істеймін. Әкесі марқұм болып кетті, Кәрім Кәкімжанұлы 50 жыл осы ауруханада жұмыс істеді. Күндіз-түні операцияда тұрды, Талғар ауданы емес Алматы облысынан да адамдар операция жасатты, мен көз көзіммен көрдім. Ол кісі өте кішіпейіл, қарапайым сондай керемет адам болған.
Әйгерім Ердәулет