Өзбекстанда парламент пен жергілікті кеңестердің кезекті сайлауы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда парламент пен жергілікті кеңестердің кезекті сайлауы өтеді

31.07.2024

Өзбекстанда парламент пен жергілікті кеңестердің кезекті сайлауы өтеді. Саяси дода 27-ші қазанға белгіленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Биылғы сайлаудың ерекшеліктері өте көп, ең бастысы саяси дода тұңғыш рет аралас жүйе бойынша өткізілмек.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Бұған дейін Өзбекстанда сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтіп келген. Яғни, өз округінде халықтан көп дауыс алған кандидаттар сайланатын. Өткен жылы желтоқсанда елдің президенті Шавкат Мирзиеев аралас сайлау жүйесіне көшу туралы заңға қол қойды.

Енді Олий Мәжілістің заң шығару палатасындағы 75 депутат мажоритарлық жүйе бойынша бір мандатты округтерден сайланады. Ал қалған 75-і пропорционалдық жүйемен саяси партияларға берілген дауыстар негізінде таңдалады. Әйелдердің саны депутаттыққа үміткер азаматтардың кемінде 40%-ын құрауы тиіс. Сонымен алдағы сайлауда Олий Мәжілістің 150, Сенаттың 56, Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің 65 депутаты мен облыс, қала және аудандық кеңестердің депутаты сайланады.

Саяси додаға 30 мыңға жуық кандидат пен олардың 90 мыңдай сенімді өкілі, сайлау комиссияларының 120 мыңнан астам мүшесі мен 70 мыңға тарта бақылаушы қатысады деген жоспар бар.

Базаркүл Отыншиева

#өзбекстан #сайлау

Хабарламаларға жазылу