Түркияда бірнеше айдан бері қызу талқыланып, қоғамда үлкен пікірталас тудырған қаңғыбас ит-мысықтарға қатысты заң қабылданды. Негізі құжат атауы - «Жануарларды қорғау туралы» заң. Алайда бұл заңға қарсы шығушылар ел билігі осы құжат аясында көшедегі жануарларды жаппай өлтірмекші, деп дабыл қаққаннан соң қоғамда қаңғыбас иттер туралы заң деп аталып кетті. Түрік қоғамын екіге бөлген құжат туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда көшедегі иесіз ит пен мысыққа халықтың ықыласы ерекше. Әр бұрышта жануарларға арналған осындай үйшіктер мен тамақ ішетін ыдыстары тұрады. Адамдар күн сайын бұларға тамақ беріп, қамқорлық танытады. Дегенмен кейінгі кездері қала көшелерінде саны тым көбейіп кеткен қаңғыбас иттердің топтасып адамдарға шабуыл жасауы да жиі кездеседі.
Ресми дерек бойынша Түркияда 4 млн қаңғыбас ит бар. Үлкен қалалардың көшелерінде иттер өріп жүреді. Сондықтан ел билігі жаңа заң аясында бұл мәселені біржақты етпек.
Ибрахим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:
Бұған дейін 2006 жылы қабылданған заңда жануарларды көшеден ұстап әкеліп, кастрациялап қайтадан көшеге жіберу деген бап бар еді. Алайда ол дұрыс нәтиже бермеді. Қаңғыбас иттердің саны тым көбейіп кетті. Сондықтан біз жаңа заң арқылы ит-мысықтарға ең алдымен жаңа қожайын тауып беруді мақсат етіп отырмыз. Емделмейтін, жұқпалы ауруы бар немесе бағуға көнбейтін қабаған иттерді ғана ветеринарлардың шешімімен ұйықтатамыз.
Заңның қабылдануына қарсы топ билік осы құжат арқылы жануарларды жаппай өлтірмек деген уәж айтады. Наразылық ретінде олар Анкарада арнайы шеру ұйымдастырып, полициямен қақтығысты.
Деврим Кочак, жануарларды қорғау ұйымының өкілі:
Арнайы орталықтарда жануарларға дұрыс күтім жасайды дегенге күмәнмен қараймыз. Оларды жинап алып, түрлі себептермен өлтіруі мүмкін. Сондықтан біз ит-мысықтарды кастрациялап, қайтадан көшеге жіберуін талап етеміз.
17 баптан тұратын заңға сәйкес 2025 жылға дейін Түркия аумағындағы барлық иттер мен мысықтарға электронды чип егілуі керек. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер 2028 жылға дейін иесіз иттерге арналған арнайы орталықтар салуы тиіс. Бұл баптарды орындамаған шенеуніктер 6 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
Айдос Әшімұлы